ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік көмектердің тиімділігін арттыру бойынша сарапшылар кеңесі өтті

0
298

Жиынға қатысқан сарапшылар әлеуметтік көмектердің тиімділігін арттыру бойынша өз ойларын ортаға салды.


ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік көмектердің тиімділігін арттыру бойынша сарапшылар кеңесі өтті

Шымкент қаласында әлеуметтік көмектер және оның тиімділігін арттыру бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 7 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саланы реформалау кезінде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керектігіне айрықша назар аудару керектігін айтқан болатын.
Осыған орай, сарапшы мамандар және сала мамандарының қатысуымен өткен жиында алғашқы болып сөз сөйлеген Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Сондай-ақ негізгі факторлардың бірі - бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ету. Мысалы, 2024 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін барлығы 6927 отбасыдан өтінім түскен. Оның 6454 – нің мұқтаждығы анықталса, аудан әкімдері жанандағы учаскелік комиссиялар тарапынан 473 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған. Бұған себеп, арнайы комиссия зерделеу жүргізгенде «мұқтаждық» дәрежесін анықтау кезінде тұрмыстық-материалдық жағдайларын және отбасы құрамын дұрыс көрсетпеу, денсаулығына байланысты жалған ақпараттар көрсету фактілерінің кездесуі.
Басқарма тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жетілдірілетіндігін атап өткен Жанат Өмірсейітқызы, атаулы әлеуметтік көмекке қарастырылған бюджет қаржысын тиімді жұмсау мақсатында қала аумағындағы 5 аудан әкімдігінде құрылған учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтуге және әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж отбасыларға «оң» қорытынды шешім беруді аудан әкімдері қатаң бақылауға алу қажеттігі жайлы ұсынысын айтты.
Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады екен. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Осы орайда еңбекке жарамды азаматтарға қайта кәсіптік бағдар беріп, кәсіп ашуына, жағдайын түзеуіне мемлекеттен қандай көмектер көрсетіліп жатқандығы жайлы және кәсіпкерлік гранттар беру бойынша Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев баяндап өтті.
Ал, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қазыкенов қаламыздағы балабақшалар мен орта білім беру нысандарында көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік көмектер, ыстық тамақпен қамту мәселелері бойынша тоқталып өтті.
Жиынға қатысқан сарапшылар әлеуметтік көмектердің тиімділігін арттыру бойынша өз ойларын ортаға салды. Шымкент қаласының әйелдер кеңесінің төрайымы Жандосова Баян Айтбекқызы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмектердің сапасын арттыру жайлы айтса, Алмас Толықбаев жеке меншік мектептердегі әлеуметтік төлемдерді беру тәртібін бір жүйеге келтіруді ұсынды. Ал Заңгер-медиатор Кенжеғұлова Дана Ақәділқызы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасылардың шын мұқтаждығына зерделеуді күшейту және отбасы туралы жалған мәлімет бергендерді әкімшілік жазаға тарту қажеттігін айтты.