​ШЫМКЕНТ: ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕН РЕАБИЛИТАЦИЯ САПАСЫ НАЗАРДА

0
52


​ШЫМКЕНТ: ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕН РЕАБИЛИТАЦИЯ САПАСЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және медициналық нысандарды аралап, олардың қызметімен танысты.

Қала әкімі алдымен «№12 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-не барды. Аталған мекеме 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Аралау барысында орталықтың жалпы жағдайы, материалдық-техникалық базасы, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік сүйемелдеу жұмысының ұйымдастырылу деңгейі тексерілді. Мекеме басшылығымен қызмет сапасын одан әрі арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, оны жетілдіру жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, қала басшысы тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуге маманданған доктор Бубновскийдің сауықтыру орталығында болды. Мұнда жеке диагностикаға негізделген және арнайы емдік жаттығуларды таңдауға бағытталған заманауи әдістеме қолданылатыны атап өтілді. Орталық мамандары жыл сайын біліктілігін арттырып, реабилитология саласындағы бейінді конференцияларға тұрақты түрде қатысып отырады. Қазіргі таңда елімізде осы бағытта шамамен 35 орталық жұмыс істейді.
Жұмыс сапары аясында Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы әкімдігінің ғимаратындағы жөндеу жұмыстарымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанның қасбеті мен шатыры жаңартылып, электрмонтаж және ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі жауапты тұлғаларға жөндеу сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмыс қарқынын жеделдету және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Айта кету керек, мұндай жоспарлы аралаулар әлеуметтік нысандардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Бөлісу