Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда кәсіпорындарда, базарлар мен адамдар көп жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көп қабатты үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу барысы, сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Тілеуберді Мәдиевтің мәліметінше, биылғы бірінші жарты жылдықта 28 кәсіпорын тексеріліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 364 фактісі анықталған. Сонымен қатар, 8 сауда-ойын-сауық нысаны мен 11 базарда профилактикалық бақылау жүргізілді.
Есепті кезеңде қалада 212 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55 жағдайға аз. Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын пайдалану талаптарының бұзылуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, технологиялық процестердің сақталмауы және отпен абайсыз жұмыс істеу.
Сонымен қатар, электр желісі мен жабдықтарының техникалық жағдайына, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына, эвакуациялық жолдардың талапқа сай болуына және өрт болған жағдайда қызметкерлердің әрекет етуге дайындығына ерекше назар аударылды.
Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаевтың айтуынша, қаладағы баспана қорында көп қабатты 2 595 үй бар. Соңғы үш жылда 71 үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 38 үйдегі 55 лифт ауыстырылды.
Биыл 31 үйде жөндеу басталып, 19 нысанда тиісті жұмыстар аяқталды, қалған 12 үйдегі жөндеу жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып, келесі жылға 26 үйдегі 37 лифтіні ауыстыру, көп қабатты 31 үйді жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.
Қасбеттер мен шатырларды жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру аясында көп қабатты 65 үйдің техникалық жағдайы зерттелді. Дизайн-код бекітілгеннен кейін қасбеттерді, шатырларды, жарнама конструкцияларын және ғимараттардың сыртқы келбетіне әсер ететін өзге де элементтерді жаңарту бойынша тиісті шаралар айқындалады.


