Пышақталған 50 жастағы ер адам алған дене жарақатынан оқиға орнында жантәсілім еткен.
Шымкент қаласындағы Жаңа талап елдімекенінде бірге арақ ішіп, көңіл көтергендер арасындағы кикілжің кісі өлімімен аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қаңтардың 27-нен 28-не қараған түні түнгі 00.30 шамасында Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасына 102 нөміріне аталған мекенжайда пышақтасу оқиғасының орын алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен құзырлы орган өкілдері 1969 жылы туған азаматтың мойын тұсынан пышақ жарақатын алғанын анықтаған. Танысымен алкогольді ішімдік ішемін деп ерегісіп, ақыры пышақталған 50 жастағы ер адам алған дене жарақатынан оқиға орнында жантәсілім еткен. Күдікті бөтелкелесінің мойын тұсынан асхана пышағымен жарақаттағаны белгілі болды.
Әсел Саденова, Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі: «Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшыларының анықтағаны, екі таныстың арасында арақ ішу барысында жанжал туындаған. Нәтижесінде біреуі екіншіге пышақ жарақатын салған, нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған. Бұл жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».