​ШЫМКЕНТ: Әскери борышын өтеген 27 сарбаз үйіне оралды

0
164

Бір жыл ішінде сарбаздар әскери істі меңгеріп, қару-жарақ пен әскери техниканы игерді, жауынгерлік даярлық іс-шараларына белсенді қатысты.


​ШЫМКЕНТ: Әскери борышын өтеген 27 сарбаз үйіне оралды

Шымкент теміржол вокзалының перронында мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйіне қайтқан әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Іс-шараны қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің әскери оркестрі ұйымдастырды.

Осыдан бір жыл бұрын дәл осы вокзалдан мегаполистен 27 жас сарбаз Теміртау қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған болатын. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде бірге оқыған 9 топтас та бар еді. Көзді ашып-жұмғанша өткен бір жылдан кейін олар бір үйдің баласындай сап түзеп, туған жерге қайта оралды.
Әскери оркестрдің әуенімен пойыз платформаға баяу келіп тоқтады. Машинистің дыбыстық белгі беруі салтанатты сәттің әсерін одан әрі арттыра түсті.
Салтанатты шара барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мен Қарулы күштердің ардагерлері сөз сөйледі. Олар ата-аналарға ұлдарын ел қорғайтын азамат етіп тәрбиелегені үшін алғыс білдіріп, әскери қызметшілерге Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін ризашылықтарын жеткізді.
– Жауынгерлерімізді құрметпен шығарып салып, салтанатпен қарсы алу – жақсы дәстүр. Бүгін Отан алдындағы борышын өтеп, елге 27 әскери қызметші оралды. Әскердегі қызмет оларды шыңдап, жігерлі әрі сенімді етті. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметшілерге бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, несиесі бар сарбаздар төлемдерін уақытша кейінге шегере алады. Сондай-ақ әскери борышын өтегеннен кейін көптеген жас сарбаз мемлекеттік білім гранттарына арналған конкурсқа қатысып, жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады, – деді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Абдигабит Шегебаев.
Жас сарбаздардың артында мазмұнды әскери жыл қалды: оқу-жаттығулар, қарқынды дайындық, марш-жүгірулер және жауынгерлік дабылдар. Бұл кезең олардың азамат ретінде қалыптасып, ерік-жігерін шыңдауына үлкен мектеп болды.
– Бүгін біз тоғыз топтас әскери борышымызды аяқтап, елге оралдық. Уақыт өте тез өтті. Бізді әскерге бірге жіберген қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне алғысымыз шексіз. Әскерде жүріп отбасының, ата-ананың және шынайы достардың қадірін терең түсіндік. Ізімізден келе жатқан інілерімізге әскерге барудан қорықпауға кеңес береміз. Өз қатарластарыңмен бірге қызмет ету ерекше әсер береді. Отан алдындағы борышты өтеуден қашпай, еліміздің нағыз патриоты болайық, – деді әскерден оралған топтас сарбаздар.
Бір жыл ішінде сарбаздар әскери істі меңгеріп, қару-жарақ пен әскери техниканы игерді, жауынгерлік даярлық іс-шараларына белсенді қатысты. Олар әскери-есептік мамандық алып қана қоймай, азаматтық өмірде де қажет болатын маңызды дағдыларды қалыптастырды.
Салтанатты қарсы алу шарасы сарбаздар үшін ерекше тосынсый болды. Гүлдер, шарлар және туған-туыстарының ыстық құшағы олардың елге оралу сәтін әсерлі әрі ұмытылмас етті.
Бөлісу