​ШЫМКЕНТ: ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде тұрғындар тегін медициналық кеңес алды

0
154

Дәрігерлер созылмалы аурулардың алдын алу, ауруды ерте анықтаудың маңызы және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


​ШЫМКЕНТ: ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде тұрғындар тегін медициналық кеңес алды

Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде тұрғындар азық-түлік сатып алып қана қоймай, денсаулықтарын да тексеруге мүмкіндік алды.

Жәрмеңкеде арнайы ұйымдастырылған «Денсаулық бұрышы» акциясында «Омарали» медициналық орталығының мамандары тұрғындардың қан қысымы мен ағзадағы қант мөлшерін өлшеп, көздің көру қабілетін тексерді. Сонымен қатар жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен бейінді мамандар азаматтарды қабылдап, денсаулық жағдайларына байланысты кеңес берді.
Дәрігерлер созылмалы аурулардың алдын алу, ауруды ерте анықтаудың маңызы және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, қажетті медициналық кеңестер алды.
Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері мұндай акциялар халыққа профилактикалық медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы Шымкент қаласында тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық және медициналық-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бөлісу