Былтырғы жылы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жүргізілген болатын.
2023 жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданында 73 көше жөнделеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бүгінгі Еңбекші ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде айтылды. Жалпы аудан аумағына қазір 728 көше мен өткел тиесілі. Былтырғы жылы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жүргізілген болатын. Сонымен қатар, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылған. Жоспарға сәйкес биыл 73 көшеге асфальт төселеді.
Сонымен қатар, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша биыл Абай ауданында 60 көше пайдалануға беріледі. Жалпы аудан аумағында 1274 көше бар. Оның ішінде 573 шақырымды құрайтын 688 көшеге асфальт, 540 көшеге шағал тастары төселген. Жоспарға сәйкес, 60 көшеге асфальт төсеу жұмыстарына 2023 жылы 3,1 миллиард қаржы қаралған. Сондай-ақ, 6 көшеге аяқ жол салуға және ретке келтіру жұмыстарына 25 шақырымға 178 миллион теңге бөлініп отыр. Атап айтар болсақ, олар Ынтымақ шағын ауданындағы Имантау көшесі, Есенов көшесі, Шардара көшесі, Бәйдібек би даңғылында орналасқан Прайм парк тұрғын үй кешенінен А-2 тас жолына дейінгі аралық, сондай-ақ Самал-3 шағын ауданындағы Юсупов және Алпамыс батыр көшесі.
Сондай-ақ, Қаратау ауданында 70 көшеге асфальт төселеді. Асфальт төсеу жұмыстары «Қайтпас», «Тұран», «Достық» шағынауданындарында, «Таскен», «Тассай» «Сайрам» тұрғын алаптарында және «Бозарық» саяжайында жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Қаратау аумағында 4 шағынаудандағы көшелерге шағал тас төсеу жоспарлануда. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары «Нұртас», «Тұран», «Қайтпас», «Мирас» шағынауданындарында, «Сайрам», «Мәртөбе», «Тассай», «Таскен» тұрғын алаптарында атқарылады. Жоспар бойынша 24 көшеге жарық жүйелері жүргізіледі.