Дендросаябақ қаланың қақ ортасында орналасқан кіші орман болып есептеледі.
Шымкентте А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябаққа 10 дана қырғаул құсы әкелініп, саябақ аумағына ұшырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Саябақтың фаунасы ұлғайтып, табиғи ортаны қалыптастыру және тепе-теңдік сақтап қалу үшін бұл құстар Сырдария-Түркістан өңіраралық табиғи паркінен жеткізілді.
Дендросаябақ қаланың қақ ортасында орналасқан кіші орман болып есептеледі. Сондай-ақ, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген. Кіші орман болғандықтан өзіне тән тыныс-тірішілігімен қоса аң-құстары мен жабайы жануары болуы тиіс.
Айта кетейік, саябақ аумағындағы 3 га жасанды көлде жабайы аққу, қаз, үйрек жерсіндірілген. Қойнауында балықтың бірнеше түрі кездеседі. Сонымен қатар, саябақта 84 қырғауыл, 50 тиын, 23 қоян,10 таус (павлин), 5 жібек және бентамка тауығы, 4 цесарка, 3 теңбіл бұғы, 4 кер бұғы, 1 ергежейлі қой бар. Аталған аң-құстар арнайы бастырмаларда, қорада және еркіндікте жүреді. Олар жем-шөппен толық қамтылған.