ШЫМКЕНТ: Есірткі притоны табылған университеттің барлық былығы әшкере болды

0
1 636

Тіпті, басқа аймақтарда тұрып жатқан және басқа ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын адамдардың университеттің штаттық қызметкерлері болып қызмет етіп жүру фактілері анықталып отыр.


ШЫМКЕНТ: Есірткі притоны табылған университеттің барлық былығы әшкере болды

2019 жылғы 5-15 тамыз аралығында ҚР БҒМ Шымкент қаласының аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған оқу орнында ЖОО қызметіне қойылатын 78 талаптың 63-і сақталмағандығы анықталып отыр. Cондай-ақ, жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік стандартының талаптары бұзылған, ЖОО қызметінің үлгілік ережелерінің талаптары сақталмаған және ЖОО білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкессіздік фактілері анықталған.

Сонымен қатар, оқуға қабылдау, білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау, академиялық демалыс беру тәртібін сақтамау фактілері әшкереленіп отыр. Оған қоса, сабаққа қатыспаған бірқатар студенттердің сынақ-емтихан сессиясына қатысу фактілері тағы бар. Бұл ретте, аталған студенттер университетке ақша төлей отырып, сессияға жіберілген. Ведомость қағаздарында студенттің бағасы көрсетілмеген, алайда оқытушының қолы қойылған бос бағандар бар. Тіпті, басқа аймақтарда тұрып жатқан және басқа ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын адамдардың университеттің штаттық қызметкерлері болып қызмет етіп жүру фактілері анықталып отыр.

Сондай-ақ, БҒМ-ға университет түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі туралы жалған мәліметтер беріліп отырған. Мысалы, 2018 жылы жұмысқа орналасу деңгейі нақты 34,4 пайызды құрағанымен, университет тарапынан келген ресми есептерде 71,3 пайыз болып көрсетілген.

Нәтижесінде аталған білім беру саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша Министрлік университетке қатысты 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады: жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік ережелерін бұзғаны үшін, мемлекеттік білім беру стандартын сақтамағаны үшін және лицензиялық талаптарға сәйкес келмегені үшін. Айта кету керек, бүгінгі таңда білім беру саласындағы Заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.

Ендігі кезекте әкімшілік өндіріс материалдары осы жылдың 23 тамызында қаралатын болады. ӘҚБтК-нің осы баптарының санкциялары әкімшілік айыппұл салуды, сондай-ақ лицензияның қолданылуын 6 айға дейінгі мерзімге тоқтатуды көздейді.

Айта кетейік, осының алдында Шымкенттегі есірткі притоны табылған университетте тексеріс басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Келесі қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлайтын боламыз.