«Тіл туралы» Заңның талаптарына сәйкес, көрнекі ақпараттың мәтіні орфографиялық нормаларға сай, қазақ тілінде қатесіз жазылуы тиіс.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Бақылау-касса машиналарының фискалдық чектерін қазақ және орыс тілдерінде шығару» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Палата басшылығы, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын сақтау жөнінде түсіндірілді.
«Салық кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында есеп айырысулар деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналары қолданыла отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл тәртіп сақталмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, сатушылар немесе қызмет көрсетушілер тұтынушының талабы бойынша қазақ тіліндегі түбіртекті беру мүмкіндігі болмаған жайдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес алдымен ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынады», – деді Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Еркінбек Ағыбаев.
Жауапты мамандар бұл мәселе бойынша құзыреттілік Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, «Тіл туралы» Заңның талаптарына сәйкес, көрнекі ақпараттың мәтіні орфографиялық нормаларға сай, қазақ тілінде қатесіз жазылуы тиіс. Салық кодексінің 166-бабы мен ҚР Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, бақылау-касса машиналарында деректемелер мемлекеттік тілде, қазақ тілінің ерекше әріптерімен басылуы қажет.
Мамандардың мәліметінше, бүгінгі таңда бақылау-касса машиналарының чектерін қазақ тілінде арқылы басып шығару жұмысы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармалары мен «Сервис-плюс» техникалық қызмет көрсету орталығымен меморандум жасалған.