Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков көшпелі кездесулер аясында Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жиынға Самал-2, Ақжайық және Қайнарбұлақ шағынаудандарының тұрғындары қатысып, қала инфрақұрылымын дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Тұрғындар жаяу жүргіншілер жолдарын салу және абаттандыру, жер телімдерін рәсімдеу, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру, сондай-ақ, бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату жөніндегі ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, саябақ салу, балабақша ашу, спорт және балалар алаңдарын орнату, қолданыстағы емхананың жаңа ғимаратын салу, қоғамдық көліктің қосымша бағыттарын іске қосу, сондай-ақ, №125 орта мектепке спорт залын салу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі аудан әкіміне және тиісті басқарма басшыларына тұрғындардан түскен барлық өтінішті ерекше бақылауға алуды тапсырды. Әр мәселе бойынша іске асыру тетіктері айқындалып, тиісті жұмыс жүргізіледі, тұрғындармен кері байланыс қамтамасыз етіледі.


