ШЫМКЕНТ: Қала әкімі Оңтүстік айналма жолының құрылысын тексерді

0
508

2021-ші жылы басталған нысанның жалпы ұзындығы – 16 шақырымды құрайды.


ШЫМКЕНТ: Қала әкімі Оңтүстік айналма жолының құрылысын тексерді

Шаһар басшысы Оңтүстік айналма жолының құрылыс жұмыстары барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан мегаполисіміздің көшелерінде көлік кептелісін азайту бағытында айналма жолдарды дамыту жұмыстарының маңыздылығы да арта түсуде.

Бұл бағыттағы жобалардан “Ленгір” тас жолынан бастау алып, “А-2 Шымкент-Ташкент” автожолына дейінгі аралықты қамтиды. 2021-ші жылы басталған нысанның жалпы ұзындығы – 16 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда “Шымкент-Ташкент” жолында қиылысатын бөлікте көпір құрылысы және жол жабыны жұмыстары жүргізілуде. Қазір жолдың 5 бөлігінде жолдың негізін дайындау жұмыстары, 4,2 шақырымына асфальт жабындысының 1-қабатын төсеу жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар жолайырық аумағында, байланыс, электр қуаты, табиғи газ, сыртқы сумен қамту жүйелері орындарын ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілуде. 2023 жылы жоба жұмыстары толығымен аяқталады.

Айта кетейік, қаладағы “Шығыс” айналма жолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде.Аталған нысанға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, құрылыс барысы мен жұмыс сапасын тексерді. “Шығыс” айналма жолының құрылысы былтыр басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан “Әл-Фараби”көшесіне дейінгі аралықты, яғни ұзындығы 3,9 шақырым, ені 60 метр 4 жолақты жолды қамтиды. Қазіргі таңда жол негізін әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоспарға сәйкес, құрылыс 2023 жылдың 1-тоқсанында толығымен аяқталмақ. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 75%-ы орындалды. Сонымен қоса, Бәйдібек би мен Арғынбеков қиылысындағы жолайырық құрылысы қарқын алған.Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.