Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық перзентханасында болып, қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан.
Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде.
Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.
Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.
Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.
Айта кетейік, Шымкентте 24 сәуір күні жүктіліктің 35-ші аптасында бес баланың анасы дүниеге үшем әкелді. Айсултан, Алия және София есімді сәбилердің қазіргі жағдайы қалыпты. Сәбилердің салмақтары 2000-2470 грамм, бойлары 40-42 см құрайды. Бүгінде нәрестелер салмақ қосып, денсаулықтары жақсарған.
Осылайша 33 жасында үшем босанған қала тұрғыны Гүлмира Юсупова бірден сегіз баланың анасы атанды.
Айта өтсек, жыл басынан бері қалада 10649 сәби дүние есігін ашқан. Оның 5165 қыз болса, 5484 ұл бала. Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері үш сәби мен анасын бүгін перзентханадан сән-салтанатпен шығарып салды.