Соңғы бес жылда қала аумағында 14 рет 2 балдан жоғары жер сілкінісі орын алған.
ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы майор Нұржан Қаракөзев Жер сілкінісі және қауіпсіздік шаралары туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында айтты.
«Жер қабатының кенеттен жылжуы және жарылуы нәтижесінде серпінді тербеліс түрінде пайда болатын, орасан зор аймаққа тарайтын жер дүмпулері мен жер бетіндегі тербеліс жер сілкіну деп аталады. Жер сілкіну — жер асты дүмпуі күштерінің әсерінен жердің беткі қыртысының тербелуі.
Қазақстан Республикасының 2.03-30-2017 жылғы қағидалар жинағына сәйкес Шымкент қаласы аумағы толығымен (1170 км2 ) 7-8 балдық сейсмоқауіпті аймаққа жатады. Өткен жылдардың деректеріне сүйенсек соңғы бес жылда қала аумағында 14 рет 2 балдан жоғары жер сілкінісі орын алған. Бұл ретте, зардап шеккен халық пен қираған ғимараттар тіркелмеген»,- деді Н.Қаракөзев.
Шымкент қаласының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысының айтуынша, Шымкент қаласы тұрғындарының жер сілкінісі уақытындағы дұрыс іс-қимылдарға үйрету мақсатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті біршама жұмыстар атқарған.
Шымкент қаласы әкімдігімен «Азаматтық қорғау саласындағы жаттығуларды өткізу жоспары» және «Шымкент қаласының аудан мен тұрғын алаптарда 2023-2025 жылдарға арналған жер сілкінісі кезінде халықты даярлау және білімді насихаттау жоспары» бекітіліп, 2023 жылы қала аумағында 4017 оқу жаттығу, оның ішінде 1140 сейсмикалық жаттығу өткізілген.
Сонымен қатар, 12 мамыр және 5 қыркүйек күндері қала аумағында жалпы қалалық сейсмикалық жаттығу өткізілді.
Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты мекемелерде 21 мыңнан астам оқушыны қамтитын 103 интерактивті сабақ өткізілді.
Мекемелердің сұраныс хаты бойынша Департаменттің қызметкерлерімен шығу әдісімен 9 мекемеде сабақ ұйымдастырылып, 885 тыңдаушы оқытылды.
дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы