2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Шымкент қаласында 13 тұрғын алапты табиғи газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 42-і табиғи газбен толық, 31-і жартылай қамтамасыз етілсе, 8 елді мекен қамтылмаған. 2021 жылы газбен қамту көрсеткіші 93,0 пайызға жетсе, 2022 жылы 94,7 пайызға ұлғайту жоспарлануда.
Қала әкімі бүгін Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуде осы бағыттағы жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті.
Атап айтқанда, өткен жылы Бадам тұрғын алабында (195 орам) 331 абонентке табиғи газ жүйесінің құрылысы аяқталған болатын. Биыл 13 тұрғын алапта табиғи газбен қамтылмаған жаңақұрылыс аумақтағы 6149 абонентке ЖСҚ әзірленеді. Атап айтқанда,Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Айнатас, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Қаратөбе, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Бадам, Бадам-2 және Оңтүстік елді мекендері бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы қалада 2023 жылы 8, 2024 жылы 12 елді мекен табиғи газбен толық қамтылып, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп күтілуде.