Шымкент қаласының аумағында қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 36,4 шақырымды құрайтын 20 көшені абаттандыру, көгалдандыру жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр Бақытқалиұлы айтты.
Спикердің айтуынша, газон егумен қатар, әр түрлі ағаш көшеттері де (52 345 дана) отырғызылатын болады. Бұл өз кезегінде тек қана көрік беру үшін ғана емес, қаланың ауасының тазаруына да көп септігін тигізетін болады. Аталған көшелерді көгалдандыру арқылы қаланың көгалдандыру аумағын 385 360 шаршы метрге ұлғайту
жоспарлануда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 6 сәуір – 18 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы аясындағы өңірде жалпыға бірдей қалалық тазалық науқаны бастау алып өткізілді.
Бірінші «Таза өлке» апталығында (6 – 13 сәуір) қала аумағында санитарлық тазалау жұмыстары барысында көшелер, аяқ жолдар, ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланды. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу мен санитарлық кесу жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды.
Қазіргі уақытта, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Қала аумағында санитарлық тазалау жұмыстары барысында көшелер, аяқ жолдар, ирригациялық жүйе, канал мен арық тазалануда. Сонымен қатар, ағаштарды ақтау мен санитарлық кесу, шөп ору, көшелерді жуу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған іс-шараларға 190 мыңнан аса адам, 2100 ден өндірістік пен кәсіпкерлік нысан, 681 әлеуметтік нысан қатысты, 9157 бірлік техника жұмылдырылды. Науқан
барысында 8 мың шақырымнан астам көше, 9 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланып, нәтижесінде 9 мыңнан тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Сонымен қатар, аяқ жолдарды реттеу, сырлау, жол жиектерін жуу мен тазалау жүргізілді. Қазіргі уақытта, қала аумағында көгалдандыру, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары бекітілген іс-шаралар өткізу жоспарына сәйкес күнделікті атқарылуда. Аталған жұмыстарға күнделікті 2000-нан аса жұмысшы, 150 арнайы техника жұмылдырылады. Қала тұрғындары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мекеме қызметкерлері және ерікті жастар белсене атсалысуда.