Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың саны көбейген

0
920

Б.Парманов қалалық басқарма басшылары мен азаматтық қорғау қызметтеріне хаттамалық тапсырмаларды қойды.


Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың саны көбейген

Шымкентте ТЖ комиссиясының «Төтенше жағдайлардың алдын алу және осы сала бойынша өзекті мәселелер туралы» кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Б.Парманов төрағалық етіп, оның жұмысына қалалық басқармалардың, ұйымдардың бірінші басшылары, аудан әкімдері және департаменттің жеке құрамы қатысты. Тиісінше, комиссия отырысында қала аумағында қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, қалалық автомобиль жолдары мен коммуникациялар жүйелерінің дайындығы туралы мәселелер қаралды.

Сондай-ақ, жиын барысында департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Есенгелдіұлы Жақсыбаев өз баяндама жасап, статистикалық мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, 2019 жылдың он айында қала аумағында 210 төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркеліп, 2018 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өскен. Ал, төтенше жағдайлардан зардап шеккендердің саны 64%-ға, оның ішінде қайтыс болғандар 30%-ға төмендеген.

Сонымен бірге отырыс барысында жылдың соңына дейін өрттердің санын төмендету, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің санын азайту, қысқы кезеңге төтенше жағдайларды жою және Шымкент қаласының автомобиль жолдары мен коммуникация жүйелері бойынша дайындық туралы мәселелер талқыланды.

Ал, ТЖ комиссиясы отырысының қорытындысы ретінде Б.Парманов қалалық басқарма басшылары мен азаматтық қорғау қызметтеріне хаттамалық тапсырмаларды қойды және департаменттің техникасы мен жеке құрамның дайындығын қарап шығып, өз бағасын берді.