Шымкент қаласының әкімдігі мен кәсіподақтар федерациясы меморандумға қол қойды

0
1 071

Осы ынтымақтастық аясында қос тарап еңбек дауы, еңбек қауіпсіздігіне байланысты туындаған мәселелерді бірлесіп шешетін болады.


Шымкент қаласының әкімдігі мен кәсіподақтар федерациясы меморандумға қол қойды

Шымкент қаласың әкімдігі мен Қазақстан кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының басшысы Ерлан Айтаханов федерация төрағасы Бақытжан Әбдірайым және кәсіподақ ұйымының жетекшісімен болған кездесуде Кәсіподақтар федерациясы – еңбек саласын жаңғыртуға бастамашы болуы тиіс екенін және жұмыс берушілермен бірге әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуы керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында қала әкімі және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бірлескен іс-шараларды өткізуге келісті.

Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келгенін айтқан қала басшысы атқаратын игілікті іс халықтың болашағын баянды етіп, еңбек адамының құқығын қорғау мәселесінде серпіліс беретініне сенім білдірді.

«Үстіміздегі жылдың шілде айында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Теңіз елді мекенінде болған жағдайдың қайталануына жол бермеу, шетелдік компанияларда жергілікті мамандарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, әділеттілікті сақтауды» тапсырды. Оның ішінде, кәсіпорындардағы жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасауды, бұдан бөлек, мемлекет басшысы отандық мамандардың кәсіби дайындығына және еңбек тәртібін сақтау мәселесіне баса назар аударуды, оны үнемі бақылауда ұстауды жүктеді. Сонымен қатар, жас жұмысшылардың білімін көтеру, олардың қолжетімді білім алу мүмкіндігін арттыру, біліктілігін көтеру, әдептілікке тәрбиелеу күн тәртібінен түспек емес», - деді Е.Айтаханов.

Өз кезегінде кәсіподақ федерациясының басшысы кәсіподақтар жұмысындағы негізгі қағида – әлеуметтік әріптестік қағидаты екенін атап өтті.

«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – 2 миллионнан астам адамды біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Өңірімізде жұмыс істеп жатқан 2 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары, оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 414 бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек дауын шешуге, еңбекшілердің құқығын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр», - деді Б.Әбдірайым.

Енді, осы ынтымақтастық аясында қос тарап еңбек дауы, еңбек қауіпсіздігіне байланысты туындаған мәселелерді бірлесіп шешетін болады.