2025 жылғы 28 қыркүйекте Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінің «Намыс» стадионында QJ League Лига В футбол чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, чемпион атанған команданы құттықтады.
Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде жастар арасында спортты дамыту – қаланың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, қалада жас спортшылардың кәсіби шыңдалуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
– Спорт – бұл командалық рухты қалыптастырып, мінезді тәрбиелейтін, сонымен қатар жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды сала. Бүгінгі жеңіс – төзімділік пен табанды еңбектің, ұжымдық бірліктің нақты нәтижесі. «Оңтүстік» футбол клуб-академиясы қатарынан екінші жыл чемпион атанып, жоғары деңгейдегі дайындық пен тұрақтылықты көрсетті. Бұл – бүкіл команда мен бапкерлер құрамының ерен еңбегінің жемісі, – деді Ғабит Сыздықбеков.
«Оңтүстік» футбол клуб-академиясы QJ League Лига В чемпионатына үшінші маусым қатарынан қатысып келеді. Алғашқы жылы бесінші орын алған команда соңғы екі маусымда қатарынан чемпион атанып, айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Бұл – мақсатқа деген ұмтылыстың, еңбекқорлықтың және бірлескен жұмыстың нақты көрсеткіші.
Әкім өз сөзінде бұл жетістік өскелең ұрпаққа шабыт беріп, жастарды спортқа ынталандыруда үлкен рөл атқаратынына сенім білдіріп, барша қатысушыларға алғысын білдірді.