Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқару қарсаңындағы алғашқы іс-шаралардың бірі саналады.
Шымкент қаласындағы ОҚМПУ-дың ғимаратында Қазақстан тарихын зерттеушілер бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен "Шымкент қаласының тарихы мен өркениеті" тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиынға қаланың түрлі саласына қатысты Оңтүстік аймақтағы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және өзге де өңірлердегі тарих ғалымдары мен зерттеушілер қатысып, өз пікірлерін білдірді. Бұл жиын 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай, мәртебелі міндетті абыроймен атқару қарсаңындағы алғашқы іс-шаралардың бірі саналады.
Аталған конференция барысында Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Ж.Бектаева форумның ашылуымен құттықтай отырып, шырайлы қаланың киелі топырағын басып жүрген әрбір тұрғын үшін осы ғылыми жиын өте маңызды екенін айтты.
«Шымкент – еліміздегі көне қалалардың бірі. Ал оның атауының шығуы туралы ғалымдардың тұжырымдауында әлі күнге бірізділік байқала бермейді.Тарихи жазба деректер бойынша Шымкент қаласының аты алғаш рет Йазди Шараф ад-Дин Әлидің атақты қолбасы және мемлекет қайраткері Әмір Темірдің жорықтарына арнаған «Зафар-наме» яғни «Жеңістер кітабы» атты еңбегінде аталыпты»,- деді Жанар Бетаева өз сөзінде.