ШЫМКЕНТ: ​Кәсіпкерлерге сертификат алу туралы түсіндірілді

0
181

Мамандардың мәліметінше, СТ-KZ нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат – тауардың шығарылған елі Қазақстан Республикасы екенін куәландыратын құжат.


ШЫМКЕНТ: ​Кәсіпкерлерге сертификат алу туралы түсіндірілді

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға Палата директоры Сабира Адамбекова, сертификаттау бөлімінің мамандары, кәсіпкерлер қатысты.

«Салалық кеңестердің бұған дейінгі жиындарында кәсіпкерлер өздерінің тауарларына сертификат алуды түсіндіру туралы сұраған болатын. Сол ұсыныстарыңыз бойынша осы сертификация бойынша семинарды ұйымдастырып отырмыз. Сертификат алатын кәсіпкерлер кеңінен мәлімет алып, сұрақтарын қоя алады. Жауапты мамандар иидустриалық сертификат пен СТ-KZ сертификаты бойынша түсіндіріп өтеді», – деді Сабира Адамбекова.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы сертификация бөлімінің маманы Спартак Ибрагимов сертификаттың түрлеріне тоқталып өтті.
«Қазақстанда кәсіпкерлердің тауарларына берілетін сертификаттың негізгі үш түрі бар. Экспорттық сертификат, индустриалық сертификат және СТ-KZ сертификаты. Соның ішінде индустриалық сертификат 3 жылға беріледі. Арнайы тізімге енген тауарлар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу үшін кәсіпкерге міндетті түрде осы сертификат қажет болады. Бұл сертификатты алудың 2 қадамы бар. Біріншісі – кәсіпкер өзі жұмыс істейтін салалық қауымдастықтардың сарапшыларынан қорытынды алуы керек. Ол қорытынды келісім-шарт жасасу арқылы ақылы түрде беріледі. Кәсіпкер өзінің өндірісіне қатысты барлық құжатты электронды түрде жібереді. Салалық сарапшы кәсіпкерлік нысанына келіп, фото-видеоға түсіреді, барлығы талапқа сай келетін болса, қорытынды береді. Оны алған соң кәсіпкер «Атамекен» ҰКП-на электронды жүйе арқылы өтінім береді. Біздің тараптан 5 күн құжаттарды қарауға, екі күн тізілімге енгізуге – жалпы 7 жұмыс күні қажет. Егер барлығы талапқа сай болса, комиссия жиналып, кәсіпкерлік нысанына келіп фото-видеоға түсіріп, тізілімге енгізеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан сертификат алу тегін», – деді Спартак Ибрагимов.
Семинар барысында СТ-KZ сертификатын алудың жолдары да түсіндірілді. Мамандардың мәліметінше, СТ-KZ нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат – тауардың шығарылған елі Қазақстан Республикасы екенін куәландыратын құжат.
Бұл сертификатты алудың да 2 қадамы бар. Біріншісі – кәсіпкер ішкі нарыққа арналған тауар шығарылған елді айқындау жөнінде сараптама актісін алуы қажет. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сараптаманы сарапшы-аудитор құжаттардың толық топтамасымен өтінімді ұсынған және тіркеген сәттен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде шарттық негізде жүзеге асырады. Сарапшы-аудиторлардың тізілімі және сараптама ұйымдарының тізбесі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады. Кәсіпкер өзінің өндірісіне қатысты барлық құжатты электронды түрде жібереді. Сарапшы-аудитор кәсіпкерлік нысанына келіп, фото-видеоға түсіреді, барлығы талапқа сай келетін болса, сараптама актісін ұсынады. Оны алған соң кәсіпкер «Атамекен» ҰКП-на электронды жүйе арқылы өтінім береді.
СТ-KZ сертификатын беру немесе оны беруден бас тарту туралы жазбаша дәлелді шешімді беру мерзімі өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінім тіркелген күннен кейінгі 3 жұмыс күнінен аспайды. Қолданылу мерзімі – берілген күннен бастап 12 немесе 36 ай. Қызмет көрсету құны - 3 АЕК.
Семинарға қатысушылар жауапты мамандарға сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Бөлісу