Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді.
Шымкент қаласында Халықаралық балалар кітабы күніне орай, «Кітап – ғажайып әлем» атты кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, балалар ақыны Дәркен Танабаев пен фантаст-жазушы Сарманбай Исақ және А. Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясы, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.
Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді.
— «Кітап – ғажайып әлем» іс-шарасы өскелең ұрпаққа өте қажет. Өйткені, жастарды кітап оқуға кішкентай күнінен баулыған абзал. Қазіргі заманда ғылыми техниканың ерекше дамыған заманы болып тұрғандықтан көбіне жасөспірімдер кітапқа емес, ғаламтор желісіндегі ақпараттарды оқуға қызығады. Жастарды кітап оқуға баулысақ, адамгершілігі, ой-өрісі, сана-сезімі өте жоғары деңгейде дамитыны сөзсіз. Еліміздің келешекте дами түсуіне оқыған, түйгені көп жастар ауадай қажет,- дейді жазушы Сарманбай Ережепұлы.
Мерекелік кеште мектеп оқушылары Дәркен Танабаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, ән мен күйден шашу шашты.
— Ата-аналар тарапынан балаларға кітап оқытудың маңызы зор екенін насихаттап отырмыз. Біздің кітапхана қорында 70 мыңға жуық кітап бар. Балалар әдебиетіне, танымдық кітаптарды іздеп келетін жас оқырмандарымыз да жетерлік. Технология дамыған дәуірде кітапқұмар өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады, - дейді Отбасылық балалар кітапхансының кітапханашысы Гүлдәурен Асқарбекқызы.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиыннан жас оқырмандар мол мағлұмат жинап, рухани азық алып тарқасты.
Айта кетейік, Шымкентте 10 кітапхана жаңғыртудан өтіп, олардың мазмұны заманауи қызметтермен толықты.