Халық арасында «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай шағын ауданын жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының тарихы тереңге кететін, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы көптен бері өзекті мәселе болып келген Көксай (бейресми атауы «Нахаловка») шағын ауданының өмірінде тағы бір маңызды оқиға орын алды. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы сегіз отбасына жаңа, жайлы пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Көксай шағын ауданының тарихы 1915 жылдан бастау алады. Қалада теміржол құрылысы басталған кезде мұнда тұрғындар қоныстана бастаған. Елдімекеннің бейресми атауы – «Нахаловка» деп аталуының себебі, үйлердің едәуір бөлігінің құжаттарсыз, өз бетінше салынғанымен байланысты. Осының салдарынан, аудан тұрғындары криминогендік жағдай мен апатты тұрғын үй мәселелерін бірнеше рет көтерген болатын. Көппәтерлі үйлердің басым бөлігі ғасырдан астам уақыт бұрын салынғандықтан, олардың дені апатты жағдайда тұрды.
Осыған дейін ауданды модернизациялау жоспарлары тек қағаз жүзінде қалып, нақты іске аспай келген. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шағын ауданға арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен талаптарын тыңдағаннан кейін ғана, мәселені шешудің маңызды шешімі қабылданды.
Қабылданған тұжырымдаманың негізгі кезеңі – көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғындарды ескі үйлерден жаңа, жайлы тұрғын үйлерге көшіру. Бұл процесс біртіндеп жүзеге асырылуда.
Бұған дейін бағдарламаның бірінші кезеңі аясында 9 көппәтерлі үйден 83 отбасы жаңа пәтерлерді иеленген болатын. Бүгінгі 8 отбасының қоныс аударуы – осы бағдарламаның табысты жалғасы екенін көрсетеді.
Қала басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, қуаныш иелеріне бақ-береке, жайлы ғұмыр тіледі. Жаңадан берілген пәтерлер толықтай әрленген және бөлмелері бұрынғы пәтерлердің бөлме санына сәйкес келеді, бұл тұрғындардың мүддесін толық қорғауды білдіреді.
Тұрғындардың толық қоныс аударуы аяқталғаннан кейін, Көксай шағын ауданын түбегейлі жаңғырту жоспарлануда. Аудандық әкімшілік бұл аумақта әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуды қолға алмақ. Жоспарда әкімшілік ғимарат пен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, жаңа көппәтерлі үйлер және тұрғындар демалатын саябақтар құру, қолданыстағы мектептің сыйымдылығын кеңейту және аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру жұмыстары бар.
Шағын ауданды жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жаңартуда ғана емес, сонымен қатар апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін түбегейлі шешіп, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын айтарлықтай арттыруда стратегиялық маңызға ие болып отыр. Көксайдың ескі тарихына жаңа, жайлы және заманауи кезең басталды деуге болады.


