Осы жылдың бірінші жарты жылдығына дейін Шымкент қаласында 100 мың адамға вакцина салу жоспарланып отыр.
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Шымкентте созылмалы ауруы бар адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина салынбайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баспасөз брифингінде мəлімдеді.
- Вакцина тек ерікті түрде жүргізіледі. Біздің негізгі жоспарымыз осы жылдың бірінші жарты жылдығына дейін Шымкент қаласында 100 мың адамға вакцина салу. Қазіргі таңда вакцина салуға өте үлкен талпыныс бар, біз кезекке қоямыз себебі, 100 мың ғана вакцина беріліп жатыр миллион халыққа. Осы жылдың бірінші жарты жылдығына дейін, жылдың аяғына дейін бізге тағы қосымша беріледі, - деді ол журналистің қойған сауалына жауап беру барысында.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкері сынды мемлекеттік қызметкерлер вакцина салдырмаған жағдайда олардың жұмысқа қабылдануы мен жұмыс істеуіне ешқандай кедергі туындамайтынын да қоса жеткізді.
- Заң жүзінде бұндай ешқандай кедергі келтірілмейді. Әр адамның құқығы Конституциямен қадағаланып отыр. Вакцина салу ерікті түрде, жұмысына немесе басқа жерге шет елге баратын болса ешқандай кедергі болмайды, - деді Бақытжан Позилов.
Сондай-ақ, журналистердің сауалына жауап беру кезінде Шымкенттің бас дәрігері вакцина салдырған адам карантинде болуның қажеттілігі жоқ екенін де жеткізді.
Ал вакцинаның құрамы туралы сауалға былай деп жауап берді:
- Жалпы вакцинаның құрамында арнайы ген бар. Ол Ресей Федерациясында ойлап табылған. Адамға салынатын аденавирусты инфекция. Адам организміне салынғаннан кейін ол арнайы клеткаларға енгеннен кейін осы коронавирус инфекциясына қарсы денемізде антидене пайда болады. Антидене пайда болған соң келесі коронавирус антигені келгенде төтеп береді. Бұл бойынша толығырақ ақпаратты келесі брифингте арнайы мамандармен бірге айтатын боламыз.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бүгінге дейін шаһарда 5827 азаматқа ковидке қарсы вакцина салынғанын мәлімдеген болатын.