Оның ішінде 6 жастағы баладан, 76 жастағы қарияға дейін бар.
Шымкент қаласында өткен марафонға 5 мың адам қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкентте 5-рет өткен жүгіру марафоны биыл рекорд орнатты. Оған 5 мыңға жуық азамат қатысты. Оның ішінде 6 жастағы баладан, 76 жастағы қарияға дейін бар.
11 қыркүйек күні Әл-Фараби алаңында тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері бақтарын сынады.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған бұқаралық сайыстың жүлде қорына 11 млн теңге қойылды.
Жүгіру қашықтығы:
«Beginner» 5 км;
«Runner» 10 км;
«Half-Marathon» 21 км; «Marathon» 42 км;
«Scandi»(жаяу жүріс) 5 км.
Марафонға әр облыс, қаладан және алыс-жақын шетелдерден атап айтқанда: Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген әуесқой спортшылар бірнеше қашықтық бойынша бақтарын сынады. Ең ұзағы - 42 шақырым. Оны Шохрух Давлатов есімді желаяқ бірінші болып бағындырды. Көрші ел Өзбекстан Республикасынан келген марафоншы аталған аралықты 2 сағат 25 минутта жүгіріп өтті.
Бұдан бөлек, 5, 10 және 21 шақырымдық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлақтармен марапатталды.
Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетеді. 5, 10, 21 және 42 шақырым бойынша және скандинавиялық жүрістен жеңімпаздар анықталды. Жалпы іс-шарада 700-ден астам волонтер қызмет көрсетті.
Жалпы марафон бағдарламасына скандинавиялық жүріс пен экиден сынды бағыттар да қосылды.
Алдағы уақытта ұйымдастырушылар спорттық шараны тұрақты түрде өткізіп, оның форматы мен ауқымын кеңейтуді жоспарлауда.
Қалада 10-11 қыркүйек күндері «SHYMKENT MARATHON» шарасының өтуіне байланысты Әл-фараби алаңы уақытша жабылды. Жарыста барлық қауіпсіздік талаптары сақталады.
Айта кетейік, 2020 жылғы 17 желтоқсанда Шымкент қаласында «Shymkent Marathon» республикалық жүгіру жарысы өтті. Аталған жарысқа 700-ден астам адам қатысты.