ШЫМКЕНТ: мәжілісмендер құны 650 млн долларлық ірі жылыжай кешені жобасының іске асырылу барысымен танысты

0
61

Құны 650 млн АҚШ доллар, ірі инвестициялық жоба 2025 жылы іске асырыла бастады.


ШЫМКЕНТ: мәжілісмендер құны 650 млн долларлық ірі жылыжай кешені жобасының іске асырылу барысымен танысты

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нажметдинұлы, Данабек Исабек және Нұрсұлтан Байтілесов ALSERA KZ ЖШС-нің жылыжай кешеніне арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Іс-шараға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Құны 650 млн АҚШ доллар, ірі инвестициялық жоба 2025 жылы іске асырыла бастады. Жылыжай кешенінің жалпы аумағы 650 гектарды құрайды. Қазіргі таңда бірінші кезең аясында 208 гектар жерді игеру жоспарланып отыр. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта 3 жылыжай салынып, әрбірінде 120-150 адам жұмыс істейді. Жоба толық іске қосылған жағдайда ішкі нарықты жыл он екі ай бойы жаңа піскен көкөніспен қамту мүмкіндігі артады. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы мұндай ауқымды жобалардың өңір экономикасын дамытуға серпін беретінін атап өтті. Ендігі ретте мұндай кәсіпорындарға сырттан келетін өнімдерге төтеп беру тетіктері қарастырылу қажет.
Ірі инвестициялық жобалар ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаты Данабек Исабек жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, мемлекет тарапынан инвесторларға қажетті жағдайлар жасалып жатқанын айтты.
ALSERA KZ жобасы аясында халықаралық стандарттарға сай заманауи зертханасы бар агроакадемиялық орталық салу да жоспарланған. Бұл орталық аграрлық салаға қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталмақ. Жобаны қаржыландыру толықтай шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Ал мемлекет тарапынан салықтық преференциялар мен қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бұдан бөлек, инвестор әлеуметтік жауапкершілік аясында балалар алаңдары мен балабақшалар салу, аумақтарды көгалдандыру сынды әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамытуға ниетті.
Бөлісу