ШЫМКЕНТ: медиаторлар тұрғындарды қабылдады

0
365


ШЫМКЕНТ: медиаторлар тұрғындарды қабылдады

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің ұйымдастыруымен 5 тамыз – Медиация күні қарсаңында Ашық есік күні өтті.

Кәсіби медиаторлар тұрғындарға дау-дамайды медиация көмегімен реттеудің тиімді тұстарын түсіндіріп, құқықтық кеңестер берді.
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, «Еуразиялық медиация орталығының» жетекшісі Лаура Ақшегірованың айтуынша, медиаторлар жүгінген азаматтарға кеңес берумен қатар, олар көтерген даулы жағдайлар бойынша тараптарды медиативтік келісімге келтірудің негізгі бағыт-бағдарын түсіндіріп, медиация әлеуетінің пайдалы жақтарын жұртшылыққа дәріптеп, жеткізуде.
– Бүгінде қалада әрекет ететін 4 медиация орталығының кәсіби мамандары қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің құрамына енген. Кеңес сапындағы медиаторлар этномедиация ұғымын ілгерілету және оның әлеуетін ұтымды қолдану бағытында жұмыс істеуде. Әсіресе, этнос өкілдері жинақы қоныстанған шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы ақпараттық жұмыстарға жұмылып, этномедиацияның маңыздылығын тұрғындарға түсіндіруде, – деді Лаура Мұратқызы.
Медиация кеңесіндегі медиаторлар биыл Қатынкөпір, Текесу шағынаудандары мен Сайрам тұрғын алабында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, аудандарда этномедиацияны дәріптеу мақсатында кездесулер ұйымдастырған. Cондай-ақ, түрлі деңгейдегі даулы оқиғаларды реттеуге атсалысып, тараптарды медиациялық келісіммен татуластырған.
Айта кетейік, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің эксперт-медиаторы Бектұрсын Омарбаевтың хабарлауынша, Шымкентте этномедиацияны ілгерлету бағытында тамыз, қазан айларында арнайы семинарлар өткізіп, жергілікті медиаторлардың білім-білігін арттыру көзделуде.
Бөлісу