Шымкент: Пандемия кезіндегі ақпараттық стратегияның маңыздылығы жөнінде онлайн конференция өтті

0
821

Дәрімен уланған адамды дәрігер емдейді, ал ақпаратпен уланған адамды кім емдейді?


Шымкент: Пандемия кезіндегі ақпараттық стратегияның маңыздылығы жөнінде онлайн конференция өтті

Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Инфодемияның екінші толқыны: Алдын алу және жаңа ақпараттық стратегия» атты онлайн конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Конференцияға Шымкентпен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан журналистер, блогерлер және дәрігерлер қатысты.
Онлайн конференцияның ашылуында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қазіргі кезде әлемді алаңдатқан коронавирус індетіне байланысты халыққа жедел ақпарат берудің маңыздылығын айтып, бірегей платформалардың жұмысына тоқталды.

– Шымкентте коронавирус туралы нақты ақпарат тарататын «covid19shymkent.kz» сайты жұмыс істеуде. Мұнда қала тұрғындары КВИ бойынша жедел статистикамен таныса алады. Интернет ресурста ақпараттар күн сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар онда аурудың алдын алу, оның белгілері және сақтану ережелері туралы мағлұмат берілуде. Одан бөлек, 1460 нөмірлі CALL-орталық іске қосылды. Бұл жерде білікті мамандар бар. Яғни, тұрғындар Covid-19 жайлы кез келген сұрақтарына жауап алады. Бірегей платформаларды қосуға көптеген жайт себеп болды. Мәселен, эпидемиологиялық ахуал өршіген кезде науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу мәселесінен бөлек, жалған ақпаратпен күресу мәселесі өзекті болды. Өйткені халық кімге сенерін білмей, дал болғаны рас. Жалған ақпарат та коронавирус сияқты тез тарайды әрі зиянды. Осындай жағдайда сенімді дереккөзден дер кезінде шынайы ақпарат таратылуы керек. Бүгінгі біз талқылап отырған тақырып та осыған саяды, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.Сондай-ақ конференция барысында Қазақстан Медиа альянсының басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пандемия кезінде БАҚ өкілдерінің белсенді жұмыс істегенін атап өтті.
– Дәрімен уланған адамды дәрігер емдейді, ал ақпаратпен уланған адамды кім емдейді? Бұл – міне, үлкен мәселе. Осы орайда, әрине, журналистер қауымы халықты үрейлендірмей, қауіп-қатердің қаншалықты екенін дәлелді зерттеулермен ашық әрі түсінікті жеткізуі керек, – деді Н.Жүсіп.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова фейк ақпараттарға тойтарыс беру, БАҚ туралы заңның маңыздылығы және сауатты спикерлердің қатарын арттыру жөнінде сөз қозғады.
Сенатордың мәлімдеуінше, 1 сәуір мен 1 қазан аралығында отандық БАҚ-тар салықтан босатылған. Қазіргі уақытта Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары әзірленген. Осы жоспарда алдағы уақытта ақпарат құралдарын мемлекеттік сатып алудан тыс қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс беруде сараптамалық материалдарға көбірек мән беру, блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау қаралған.
– Пандемия кезінде аса қауіпті жағдайда қызмет еткен дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қатарында БАҚ өкілдері де болды. Олар өз жұмыстарын адал атқарып шықты деп ойлаймын. Қазіргі таңда Парламент Сенатына еліміздегі ақпарат саласын жетілдіруге бағытталған Заң жобасы келді. Оған сіздер де ой қосып, атсалыссаңыздар деймін. Бүгінде блогерлердің де дәйекті жазбалары қоғамды бейжай қалдырмайтын болды. Олардың мәртебесін зерделей отырып, нақтыласақ, блогерлердің құқықтық жауапкершілігі артып, заңмен қорғалады, – деді А.Қапбарова.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай әлемді коронавирус індеті жаулаған сәтте БАҚ өкілдеріне дәрігерлер мен қарапайым халық арасындағы ақпараттық байланысты жандандырып, көпшілікке медициналық терминдердің жай-жапсарын кеңінен түсіндіру керектігіне назар аударды.
– Пандемия кезінде сенімді хабарды аудиторияға жеткізу үшін журналистерге де күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Мәселен, әлемнің 53 елінде 500-ге жуық журналист коронавирустан көз жұмыпты. Короновирустың екінші толқынының басталуы инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттар эпидемиясының басталатынын білдіреді. Инфодемияның басты қаупі жұртшылық жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалады. Мұндай жағдайға түскен адам дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асуды қояды. Ал бұл бәрінен де қауіпті, – деді ол.
Сондай-ақ конференцияда Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек әлеуметтік желілерде жалған ақпараттарға жол бермес үшін сараптамалық-талдамалық мақалаларға басымдық берілуі қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан салалық журналистиканы дамыту мәселесі де көтерілді. Осы орайда қатысушыларды тыңдаған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл өзекті мәселені бірлесе шешуге дайын екендіктерін жеткізді.