"Абысыныммен тату болғаным оған ұнамайды": жас келін енесінің қылығын түсіне алмай жүргенін айтты

0
210


көрнекілік үшін сурет: i.ytimg.com

"Аллаға шүкір, түсінігі мол, апалы-сіңлілердей болып сырласатын, жаныма жақын, жақсы көретін абысынымның бар екендігіне қуанамын. Бірақ енем екеуміздің тату болғанымызды аса жақтыра қоймайтын сияқты көрінеді"

Осылай деп ERNUR.KZ тілшісіне өз көңіліндегі күдікті жеткізді жас келін.


"Түсінбеймін, көпшілік енелер келіндерінің бір-бірімен тату болғанын қалайды емес пе? Ал менің енем бір-біріміздің бауырдай жақын болып, үйдегі бар шаруаны күліп-ойнап жүріп атқаратынымызға көңілі толмайтын сияқты.

Келін болып түскеніме бір жылдан енді ғана асты. Екі келін бір үйде тұрамыз. Аллаға шүкір, қарым-қатынасымыз келген күннен бері жақсы, бір-бірімізге қабақ шытып, көңілдерімізді қалдырған жеріміз болмаған.

Негізі мен келін болып түскен отбасымда ұлдан екеуі ғана. Үш қайынсіңлім бар. Қайнағам мен абысыным да бізден екі жыл бұрын үйленген. Бір ұлдары бар. Екіншісіне аяғы ауыр. Мен де тұңғышыма жүктімін.

Жүктілігім мен үшін өте қиын өтуде. Сол кезде абысыным маған көп қолдау көрсетті. Қанша дегенмен, маған қарағанда тәжірибесі бар ғой, білмегенімді сол кісіден сұраймын, ол да маған ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын аямайды.

Токсикоз болып жатып қалған кезімде енем сөйлеп, «Сен ғана дүниеге бала әкелейін деп жатсаң да, тұр орныңнан. Олай жата берме! Ішіңдегі балаң да өсіп кетеді» деп әйтеуір жатқызбауға тырысатын.

Сонда да абысыным енемнің көзін ала бере маған лимон қосылған ыстық шай беріп, тамақ жасауға көмектесетін. Өйткені, мен майдың иісіне шыдай алмадым. Лоқсып, мазам қашатын. Осылай бір-бірімізді қолдап, мен оған, ол маған қарайласып, енеміз көріп қалса ренжитін тірлік болса, сол кісі ренжімесін деп жасырын көмектесетін кездеріміз де болатын. Келіндердің бұлай тату болатыны кемде кем шығар.

Шынымды айтсам, мен абысынымды бұндай адам болып жолығады деп ойламаған да екенмін. Елден естіп алғанымыз бар ғой, абысындар бір-бірімен күндес болады, бір-бірі жау көреді, көре алмаушылық, қызғаныш болады араларында дегенді. Мен сол нәрседен қорқатынмын.

Сондықтан, келін болып келген кезімде абысынымның бар екенін біліп, онымен бір үйде тұрсақ та алыстау жүрдім. Ара-қашықтықты сақтап, сырымды жасырып дегендей «сақтық шараларын» көрдім. Бірақ барлық абысын мен ойлағандай бірдей болмайды екен. Ол мені өзіне тартып, қалай баурап алғанын да түсінбей қалдым. Бірақ қуанамын, абысыным өте керемет жан. Тіпті кейде "Осы кісі абысыным емес, енем болғанда ғой" деп армандаймын."