Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Венгрияның Дебрецен қаласының мэрі Ласло Папппен кездесті.
ERNUR.KZ. Кездесу барысында Шымкент пен Дебрецен арасындағы өзара байланысты дамыту, іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ түрлі салаларда тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас берік достық пен өзара құрметке негізделген. Екіжақты ынтымақтастық сауда-экономикалық, инвестициялық, білім беру, мәдени және гуманитарлық бағыттарды қамтиды. Бұл ретте өңірлер мен қалалар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңызы зор.
Кездесуде Шымкенттің экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қалада өнеркәсіп, кәсіпкерлік, сауда, логистика және туризм салалары дамып, инфрақұрылым жаңғыртылуда және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалуда.
Сонымен қатар Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы аясындағы кездесулердің нәтижелері сөз болды. B2B форматында инвестициялық жобалар, сауда-экономикалық байланыстар, технологиялық ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері қарастырылды.
Дебрецен – Венгрияның ірі қалаларының бірі әрі білім, ғылым және экономика салаларындағы маңызды орталық. Осыған байланысты білім беру, инновация, қалалық инфрақұрылым және іскерлік орта бағыттарында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірілді. Атап айтқанда, Дебреценде Шымкент күндерін өткізу және Дебрецен университетінің Шымкентте филиалын ашу бастамалары талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Шымкент пен Дебрецен қалалары арасында бауырлас қала қарым-қатынасын орнату туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат екі қала арасындағы іскерлік, білім беру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға негіз болады.
Сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретін тікелей көлік қатынасын дамыту мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында қол жеткізілген келісімдерді нақты жобалармен жалғастыруға және екі қала арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға басымдық берілді.


