Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қала аралау барысында Әл-Фараби ауданындағы “Shymkent Hub” ғимаратында болды.
Инновациялық орталық қаламызда ақпараттық технологияларды қолдау және дамыту мақсатында құрылған. Орталық стартап жобалар, технологиялық компаниялар, инвесторлар, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы өзара әрекеттесу алаңы ретінде қызмет етеді.
Бұдан бөлек тазарту қондырғыларының кешенін аралап, нысанның санитарлық жағдайымен танысты. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығына мүдделі органдармен бірлесіп қазіргі экологиялық жағдайды зерделеу бойынша тапсырма берді.
Сондай-ақ «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы базардың жай-күйін тексерді. Аудан әкімі мен бөлім басшыларына учаскедегі барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Аралау барысында жаңа әуежай терминалы аумағындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын да бақылады. Одан әрі А.Асқаров атындағы дендросаябаққа барып, субұрқақ пен каскадты сарқыраманың жұмысын тексерді. Олар жазғы уақытта да үздіксіз жұмыс істеуі қажет. Жауаптыларға мұны жіті қадағалауды және пикник ұйымдастыратын орындарды жарықтандыруды тапсырды.
Сонымен қатар, «Көлді» абаттандыру және Ордабасы алаңындағы субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Салалық басқарма басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.