Жобаға сәйкес, нысан әкімшілік және депо ғимараттарынан тұрады.
Шымкент қаласында салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ғимаратта әкімшілік корпус (АБК), 4 автомобильге арналған депо, диспетчер кабинеті, демалыс бөлмесі, қарауыл кабинеті, асхана, себезгі бөлмесі, санитарлық тораптар, баспалдақтар, киім шешетін бөлме, жеңдік бөлім, директор кабинеті, директор орынбасарының кабинеті, мұрағат, бастық кабинеті, қабылдау бөлмесі, акт залы, қоймалар, ГТҚҚ (Газ-түтіннен қорғау қызметі) кабинеті, оқу сыныбы, кабинеттер, дәліздер қарастырылған.
Құрылысы осы жылдың маусым айында басталған нысан желтоқсанда пайдалануға берілуі жоспарланған болатын. Жаңа корпус барлық нормативтік талаптарға жауап береді.
Құрылыс жұмысы толық аяқталғанда, қаладағы ең көне сәулет ғимараттарының бірінің орнында №3 өрт сөндіру бөлімінің жаңа заманауи ғимараты пайда болады.
Айта кетейік, бүгінде №3 өрт сөндіру бөлімінде 62 қызметкер қызмет атқарады. Тозығы жеткен ескі сәулет ғимараты қала тұрғындарына жақсы қызмет етті. Бұл өрт сөндіру бөлімі қаланың орталық бөлігін қорғауға ыңғайлы.
Сондықтан жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде бұл ерекшелік басты назарда болды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ең маңызды мәселелердің бірі – қалалық өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсартуы шешіліп келуде.