Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 75%-ы орындалды.
Шымкенттегі “Шығыс” айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған нысанға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, құрылыс барысы мен жұмыс сапасын тексерді.
“Шығыс” айналма жолының құрылысы былтыр басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан “Әл-Фараби”көшесіне дейінгі аралықты, яғни ұзындығы 3,9 шақырым, ені 60 метр 4 жолақты жолды қамтиды.
Қазіргі таңда жол негізін әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, құрылыс 2023 жылдың 1-тоқсанында толығымен аяқталмақ. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 75%-ы орындалды.
Айта кетейік, Бәйдібек би мен Арғынбеков қиылысындағы жолайырық құрылысы қарқын алған.Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.
Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта жолайырықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 6-шілде күні, Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал, тамыз айының 31 күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған еді. Ендігі кезекте, қараша айында нөмірі 1 және нөмір 4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарлануда.