ШЫМКЕНТ: «Шымқала кештері» концертін тамашалау дәстүрге айналып келеді​ ​

0
227


ШЫМКЕНТ: «Шымқала кештері» концертін тамашалау дәстүрге айналып келеді​ ​

Бүгінде әр сенбінің кешінде Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары «Шымқала кештері» концерттік іс-шараларын тамашалау үшін қаламыздың түрлі саябақтарына жиналуды дәстүрге айналдырып келеді.

27 шілдеден бастап Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Шым қала кештері» концерттік іс-шаралары қала тұрғындарына ерекше мәдени демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жалғастыруда.
Бүгінгі шаһардың 5 аймағында өткен концерттер шеруі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше эмоциялар мен ұмытылмас сәттер сыйлады. Шымсити, Дендросаябақ, Кең баба, Көл және Орталық саябақтарында ұйымдастырылған ашық аспан астындағы концерттер шымкенттіктерді ерекше атмосферасымен қуантты.
«Шымсити» саябағында өткен концертте Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері интермедиялық қойылымдарымен көрермендерді күлкі мен қуанышқа бөлесе, «Кең баба» мен Орталық саябақтарда өткен концерттер шеруінде қуыршақ және жасөспірімдер театры мен «Шымкент – Цирк» әртістері балаларға арналған ерекше қойылымдарымен көрерменнің көңілін көтерді.
Ал «Көл» саябағы мен Дендросаябақта өткізілген концертте «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері эстрадалық әндер орындап, әуезді музыка мен көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Айта кету керек, бұл жолғы кештің ерекшелігі ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналды. Кеште Абайдың өлеңдерінен үзінділер оқылып, ақынның терең философиялық ойлары мен адамгершілік құндылықтары туралы шығармалары поэтикалық сарында, тыңдармандардың жүрегіне жол тартты.
Алдағы уақытта Шымкент Опера және Балет теартының өнерпаздары концерттік кешке қатысады деп жоспарлануда. Сондықтан ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын Шымкентте өтіп жатқан мәдени шаралардан хабардар болуға шақырады.
Бөлісу