Кеңес мүшелері сотта кәсіпкерлердің мүдделері қорғалған тиісті жауапты әкімшілік орган қызметкерінің жауаптылығын көтеруді ұсынды.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өткізілді.
Палата директорының орынбасары Майя Исаева бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдардың әкімшілік актілері мен лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты шағымдарына тоқталса, Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Тұрсынкүл Үмбетова кәсіпкерлердің сотта қаралатын талап-арыздары туралы пікірін білдірді.
«Бизнес өкілдерінің және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әкімшілік сотта ескеруі қажет мән-жайды қысқаша айтып өтсем. Ең алдымен, талап қою туралы. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекстің 106-бабына сәйкес, егер әкімшілік акт электронды форматта болса, онда талап талап қоюшының тұрғылықты мекенжайы бойынша беріледі. Бізде қаралатын істерде көп жағдайда жауапкерлер басқа облыстың өкілдері болып жатады. Одан кейін тоқталатын, жайт – Майя Ермаханқызы кәсіпкерлер тарапынан сотқа түскен шағымдардың қаралу статистикасы туралы айтып өтті. Бұл тұрғыдан алсақ, сотта қаралған істердің 50 пайыздан астамы бизнес өкілдерінің пайдасына шешілуде. Әрине, біз ешкімге талап қойма деп шектей алмаймыз. Дегенмен, сотқа дейінгі татуласы, келісу комиссияларының да қызметін пайдалануда ұсынар едім», – деді Тұрсынкүл Үмбетова.
Кеңес мүшелері сотта кәсіпкерлердің мүдделері қорғалған тиісті жауапты әкімшілік орган қызметкерінің жауаптылығын көтеруді ұсынды. Олардың айтуынша, осылайша мемлекетке келетін шығынның алдын алуға болады. Осыған орай сот өкілі де, кеңес мүшелері де тараптарды сотқа жүгінгенде барлық процессуалдық және нормативтік талаптар мен мерзімдерді сақтауға шақырды.
Кеңес мүшелері жиын соңында қарар қабылдап, мемлекеттік органдарға ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын бұзбауды, соттың тиісті шешімі шыққан жағдайда тәртіп бұзған тұлғаларға шара қолдануды, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруды, «Атамекен» ҰКП 2016 жылғы ІІІ Съезінде қабылданған «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясын» назарға алуды ұсынды.