Қала аумағында спорттың барлық түрін қамтитын мыңнан астам спорттық нысан халыққа қызмет етіп тұр.
Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласы түрлі саланы дамыту бойынша жетекші өңірлердің қатарынан көрінеді. Соның ішінде спорт саласы да бар. Мәселен, өткен жылдың соңындағы ресми деректерге сәйкес, қала аумағында спорттың барлық түрін қамтитын мыңнан астам спорттық нысан халыққа қызмет етіп тұрған. Одан бөлек, 900-ден аса жаттықтырушысы бар отыздан аса спорт ұйымы бір жылда 18 мыңнан аса спортшының басын қосып, түрлі дайындық жұмыстарын жүргізген екен. Жалпы, қаладағы дене шынықтыру нысандары спорттың жетпіс бес түрін қамтыған. Нәтижесінде былтыр мегаполис спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарынан тоқсан алтын, сексен төрт күміс және жетпіс жеті қола медаль еншілеген.
Ал, спорттық инфрақұрылым сапасын көтеру бағытында былтыр «Үстел теннисі спорт кешені» мен жаңа ипподром ел игілігіне тапсырылса, «Металлург» кешені жаңғыртылып, бір спорт кешені іске қосылды. Соның ішінде жаңа атшабарды ерекше атап өтуге болады. Себебі мұнда Қазақстандағы ең ауқымды бәйге алаңы, бір жарым мың адам сыятын трибуна, жабық ғимараттар мен манеждер, мал дәрігерлің бөлім мен жүздеген көлікке шақталған автотұрақ бар. Жарыс жолының ұзындығы екі мың метрден асатын болса, көкпар ойынына арналған алаңы, табиғи тастармен безендірілген ерекше тұстары тағы бар. Тиісінше, бұл нысанда ірі турнирлер өткізіліп, ұлттық спортты ұлықтауға мол септігі тиіп жатыр.
Сондай-ақ, қалада қалың көпшілік игілігі үшін бұқаралық спортқа да көңіл бөлініп, түрлі спортпен шұғылданатындардың үлесі қырық пайыздан асып жығылған.
Биылғы жыл да Шымкент қаласының спорты үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Нақтырақ айтсақ, Индонезия мемлекетінің Джакарта шаһарында тапаншамен нысана көздеу спортынан Азия біріншілігі өтіп, ел намысын қорғаған Шымкент қаласының спортшысы Чирюкин Никита Олимпиада жолдамасы еншіледі. Ол 25 метр қашықтықтан нысана атуда алдына жан салмай, Азия чемпионы атанды. Сәйкесінше, бұл Шымкент қаласы спортындағы алғашқы Олимпиада лицензиясы болатын.
Соның ізін ала шаһар басшысы шағынаудандардың тұрғындарымен кездесіп, көптеген мәселені талқыға салған. Сол кездесулер аясында Ғабит Сыздықбеков Қайнарбұлақ шағынауданынан спорттық кешен салу бойынша тапсырма беріп, халықтың сұранысын қанағаттандырды. Одан бөлек, «Нұршуақ» шағынауданында да осындай кешен ашылып, балаларға арналған ойын алаңшалары салынатын болып шешілді.
Ақпан айының аяғында Филиппин елінде су спорты түрлерінен өткен Азия чемпионатында да шымкенттік спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, алғашқы күндері-ақ қоржынға екі алтын мен екі күміс салған. Содан соң, Италия елінде өткен лизензиялық сайыста шбокстан Әлем чемпионы, шымкенттік Махмұд Сабырхан Париждегі төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға жолдама жеңіп алды.
«Әз Наурыз» мерекесі қарсаңында жоғарыда аталған жаңа ипподромда ұлттық ат спорты түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап өтсек, бұл спорттық іс-шарада ат жалында ойнаған спортшылар теңге ілу, аударыспақ, командалық көкпар, қыз қуу, жамбы ату, бәйге бойынша сынға түсіп, өздеріне тиесілі марапаттарды еншіледі.
Ал сәуір айында алғашқы рет жамбы атудан ұйымдастырылған Азия біріншілігі дәл осы Шымкент қаласында өткізілді. Мегаполисте он төрт мемлекеттің алпыс спортшысы бас қосып, жамбы ату спортының «Мажар», «Корей», «Түркі» және «Қазақ» стильдері бойынша шеберлік көрсетті. Нәтижесіндеүш бірдей стиль бойынша Сауд Арабиясының спортшысы топ жарса, бірстильдің бас бәйгесін қазақ жігіті Батыр Бексауыт қанжығаға байлады.
Сонымен қатар, елордада бокс спортынан өткен ұрлық біріншілігінде Шымкент қаласының оқушысы Бегалиев Санжарәлі жеңіске қол жеткізді. Отыздан аса мемлекеттің бес жүзден астам былғары қолғап шебері күш сынасқан додада Санжарәлі Вьетнам, Өзбекстан, Қырғызстан және Үндістан мемлекеттерінің спортшыларынан басым түсті.
Шымкент қаласында өткізілген тағы бір ерекше жарыс –қала әкімдігінің басшылығының демеуімен ұйымдастырылған кәсіби бокс кеші. Өзгеше форматта өткізілген бұл сайыста Қазақстанның дарынды спортшылары шет мемлекеттерден келген спортшылармен жекпе-жекке шықты. Нәтижесінде бірнеше қазақ жігіті кәсіби ринг жеңісіне қол жеткізіп, өзгелер де дүбірлі дода тәжірибесіне қанық болды.
Енді, бірнеше күннен кейін қалада төтеншеліктердің қатысуымен «өрт сөндіру-құтқару» спортынан жетінші Қазақстан кубогы өткізілмек. Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келетін үш жүзге тарта спортшы қатысып, төрт бірдей кезең бойынша кім мықтыны анықтамақ.
Осы ақпараттарға сүйене отырып, Шымкент қаласында спорт саласын дамыту, бұқаралық спортты өркендету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр деуге болады деп ойлаймыз. Бұл мемлекет билігінің спорт саласына айрықша мән беретіндігінің бір белгісі десек те қателеспейміз.
Б.Мейірханұлы,