"Жинап жүрген ақшасын таппай қалды"
Сурет: i.pinimg.com
ERNUR.KZ порталы редакциясына мұңын шаға келген келіншектің бар уайымы әкесі болыпты. "Шыны керек, әкеміз бейнетінің зейнетін көрер шақта мүсәпір күйге түсіп, жаутаңдап қалғаны қатты батады" дейді ол.
"Біз отбасында бес ағайындымыз. Үлкен ағам үйленген, ең кішісі - інім, ортада үш қызбыз. Мен қыздардың кішісімін. Ең кенже інімізден басқамыз отбасылымыз. Ата-анамыз бізді қатарымыздан қалдырмай өсіріп-жеткізді. Перзенттерінің алдындағы ата-аналық борышын қолдарынан келгенше атқарды. Бірақ соның қызығын енді көремін дегенде анамыз өмірден өтіп, әкеміз жалғыз қалды. Балалары бар ғой, бірақ солардан қызық көрмей келе ме деген өкінішім маза бермей жүр соңғы кездері.
Мен өз ауылыма тұрмысқа шыққанмын. Төркінім деп іздеп баратын ол - ағамның үйі. Анамыз осыдан бір жыл бұрын қайтты. Жалғыз әкемнің жағдайын жасап, сол қартайған кісінің көңіліне қарау соншалықты қиын ба, білмеймін. Шыны керек, әкеміз бейнетінің зейнетін көрер шақта мүсәпір күйге түсіп, жаутаңдап қалғаны қатты батады.
Жалғыз жеңгем ғой, үйдегі нәрсені сыртқа шығармай, сол үйдің берекесін кіргізіп отыруға не кедергі? Ол ылғи да үйде не болып жатыр, қайнысіңлілерінде бір жағдай болса да төркініне сөз тасып, бізді ылғи да жамандап отыратын көрінеді. Інім де қазір қара шаңырақта емес, басқа қалада оқуда. Өз-өздерімен қалды, бала-шағасын бағып, бақытты өмір сүре берсе біз де оған араласып, килігіп жатқан жоқпыз.
Ай сайын әкемнің зейнетақысынан өзіне бір тиын бермей, азық-түлік алуға, үйдің басқа да шығындарына жұмсайды. Оған да көз жұмдық. "Мейлі ғой, зейнетақысын берсе берсін, сол үйде өмір сүріп жатыр" деп түсіністікпен қарауға тырыстық. Бірақ, түгін қалдырмай сыпырып алғаны дұрыс емес қой.
Ағам жұмыс істейді, жеңгем де мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі. Олардың тапқан табыстары бір отбасын асырауға жетеді. Әкемнің зейнетақысына қарап қалатындай емес. Елдің бәрі осылай күн көріп жатыр ғой. Тіпті жалғыз адам жұмыс істеп, сол табысын бір отбасына жеткізіп отырған жандар да бар.
Әкемнің зейнетақысы өзіне де керек. Дәрі-дәрмегі мен баратын жерлері бар, кіші ініміз оқуда, оған да ақша бере алмай отыр. Інім өзі оқып жүрсе де, қосымша жұмыс істеп, сол табысымен күн көріп жүр. Аға-жеңгемнің балалары әлі кішкентай, оларға аса көп шығын да шықпайды. Сонда да қартайған әкемнің ақшасына көздерін тігіп отыр.
Әкем жас кезінде өте көп жұмыс істеді. "Қыздарымды қияға қондырсам, екі ұлымның біреуі қара шаңырақта қалса, екіншісіне үй дайын тұрсын, қиналмасын" деп екі бөлмелі пәтер сатып алып қойған. Сол пәтерді де ағам жалға беріп, оның ақшасын да пайдаланып отыр. Ол үйге таласым жоқ, бірақ осыншама табыстары бола тұра, әкемнің жетім қозыдай жәутеңдеп, бейнетінің зейнетін көре алмай отырғанына ішім ашиды.
Әкемнің тықпыштап жинап жүрген ақшалары бар еді, 400 мыңдай жиналып еді деді әкем. Сол ақшасын да таппай отыр, қойған жерінде жоқ болып шықты. Кімнен көреміз оны? Үйге менен басқа кім келеді? Ал мен өзімнің алмағанымды қалай дәлелдеймін? Күдік-күмән деген жақсы нәрсе емес, бірақ барлығы айқын сияқты.
Жеңгем қашан қарасаң «Балалар үйдің тамағын жегісі келмейді, бекерге әуре болып істеймін, оны ешкім жемейді, текке жуындыға құямыз» деп айтып отыратынын естігенмін. Соны сылтауратып тек тапсырыс беріп, балалар жейтін суши, пицца, чикен секілді тез дайындалатын тамақтарды алдырып жүр. Мұның барлығын ақшасы бар адам ғана ала алады ғой. Айына бір-екі рет болса мейлі, тіпті күнара алдыратын болыпты.
Тамақ істеуді қойған. Ал менің әкеме жаным ашып, ауылда, жақын жерде тұрған соң жиі барып хабар алып тұрамын. Сондай кездері әкеме ыстық сорпасын, жылы-жұмсағын дайындап беріп кетемін. Ызаланғаныммен ағам ештеңе істей алмай отырғанда менің сөзім жеңгеме жүрмейді ғой. Ендігі арманым тезірек інімді аяқтандырып, олардың еншісін беріп бөлек шығарса жақсы болар еді."


