Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптады.
Фото: Tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Астанада 1 миллион долларға жуық ақшаға қатысты алаяқтық ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап - сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова, деп жазады tengrinews.kz.
Іс материалдары бойынша бұл соманы Бишімбаевтардың туысы Бекзат Кемелова алдап алған.
Сот отырысының басында Альмира Нұрлыбекованың адвокаты Ерлан Ғазымжанов соттан Кемеловадан 990 мың доллар (шамамен 453 миллион теңге) өндіріп алуды сұрады.
Прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін судья Назгүл Бапақова айыпталушыдан айыптаумен келісіп-келіспейтінін сұрады. Бекзат Кемелова келіспейтінін айтып, кінәні мойындамады.
Ал Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова жауап алу кезінде сотта жылап жіберді
"Мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Екеуміз де егде тартып қалдық, еңсеміз түсіп кетті, жедел жәрдем келді. Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан, жүрегі ауырады. Күні-түні "ұлымыздың жағдайы не болады?" деген бір ғана ой мазалады..." - деді ол сотта.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өздерінің туыстары, яғни Қайрат пен Бекзат Кемеловтарды сотқа бергені хабарланды.
Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптады.


