Шымкент тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді

0
818

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған.


 Шымкент тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді

Шымкент - елімізде халық саны тығыз орналасқан қалалардың бірі. Сонымен қоса, ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр. Бұл әрине қуантарлық жайт. Алайда халықтың көптігіне байланысты орын алып жатқан мәселелерді де жоққа шығаруға болмайды. Осы тұста миллионды қала атанған шаһарда шешімін таппаған мәселелерінің басында көш бастап тұрған баспана жырына тоқталсақ.

Жалпы тұрғын үй мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселе жалғыз Шымкентте емес, еліміздің басым бөлігінде десек артық айтпаған болар едік.

Осы аталған мәселелерді шешу негізінде елімізде өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни осы бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін нақты жоспарлар бекітіліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. 5 жылдық жоспар базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұрады.

Ұлттық жобаның басым бағыты тұрғын үй саласына арналған. Бүгінде тұрғын үй мәселесі шешімін таппаған маңызды проблемалар қатарына жатады. Өз кезегінде ұлттық жоба осы саладағы олқылықтарды жоюға негізделген.

Осы ретте аталған салаға жауапты мамандардан атқарылған жұмыстардың жәй-жапсарын сұраған болатынбыз. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының дерегінше, өткен жылы 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 812 жанұя арендалық пәтермен қамтылған. Оның ішінде жетім балалар – 60, көпбалалы отбасылар – 240, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 212, жұмыс істейтін жастар – 300. Қалған 164 пәтердің 121-і биыл қаңтар айында берілді. 43-і тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылып, осы айда кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтылатын болады. Жалпы биыл 1605 үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі деп жоспарлануда. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 54, көпбалалы отбасыларға - 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына - 218, жұмыс істейтін жастарға – 857 пәтер беріледі.

Биыл қалада «Жайлы тұрғын үй» шеңберінде кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі қарастырылуда. Атаулы көмек қағидатына сәйкес, жалға алынған үйдің 50% - мемлекет, қалған 50% - ын жалға алушы өз бетінше төлейді. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау 8841 азаматқа қаралуда. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 329 отбасы, несие негізінде тұрғын жаймен қамтылған. Оның ішінде 149 отбасыға жергілікті бюджет есебінен алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуғақайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификаттары берілген.

Ал, «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша 1 460 отбасы баспанамен қамтылып, 267 отбасы тұрғын үй сертификаттарына ие болды. 2021 жылы кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен бөлінген 370 миллион теңгеге 416 тұрғын үй сертификаттары өтеусіз көмек ретінде берілді. Ал, 2022 жылға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаралған.

Қорытындылай келе, 2021 жылы кезекте тіркелген 456 көпбалалы отбасы және745 халықтың әлеуметтік әлсіз тобы тұрғын үймен қамтылған. Ал, биыл кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «5-20-25» және «7-20-25» жеңілдетілген несиелік бағыттары арқылы 2096 азаматты тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сонымен қатар, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласына 260 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге лимит бөлінуі күтілуде. Ұлттық жоба аясында көтерілген кезекті мәселенің бірі - жұмыс істеп жүрген жастарды баспанамен қамту болатын. Бұл Шымқала жастары үшін бұл таптырмас мүмкіндік десек артық айтпаған болар едік. Өз кезегінде пәтер жалдау бағасын көп жастардың қалтасы көтере бермейді. Осы ретте биыл қаламызда жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз 857 пәтер жалға беріледі. Ал, өткен жылы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін 300 жас сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанмен қамтылған болатын.

«Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 48 623 азамат тіркелген. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1819, көпбалалы отбасылар – 9 186, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 16 957, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 634, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27», - дейді жауапты мамандар.

Ұлттық жоба аясында апаттық тұрғын үйлерді бұзу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған. Осы тұста Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, қала аумағы бойынша 60-тан аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті.

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған.

Елімізде қолға алынып жатқан кез-келген жоба тұрғындар игілігі үшін жасалады. Ұлттық жоба ұлттың сапалы өмір сүруінің кепілі. Жоба тілімен айтсақ, 2025 жылы халқымыз толықтай сапалы ауыз сумен қамтылып, сапалы жолдармен жүріп, баспаналы да болар күн алыс емес. «Көрінген таудың алыстығы жоқ», демекші ұлттық жобадан ұлттың күтері көп.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ