Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 миллион теңге.
ERNUR.KZ. Биылдан бастап Шымкентте тұрғын үй сертификатын алушылар қатарына қосымша 2 санат қосылды.
Олар — І, ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар және кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Бұған дейін тұрғын үй сертификаттарын алушылар қатарында 4 санат, яғни мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар; толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының қызметшілері қарастырылған болатын. Енді жаңа шешім аясында бұдан бөлек жоғарыда аталған 2 санат әлеуметтік көмекке қол жеткізе алады.
Бұл жеңілдікке азаматтар мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алған соң, ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 миллион теңгені құрайды.
Айта кетейік, 2024 жылға тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау бойынша алдын ала қосымша хабарландыру жарияланады.