Шымкенттік әкім күшейіп бара жатқан тұрғынға ашулы үнмен жауап қайтарды.
Шымкент тұрғыны аудан әкіміне баға берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ rgmedia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов халық алдында өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Жиында аудан тұрғындарының көпшілігі нақты мәселе қозғамай, Пармановтың жұмысына жоғары баға беріп жатты. Бірақ, аудан әкімі «сұраққа көшсеңіз» деп мақтауды сүймейтінін қайта-қайта көрсетті. Міне, осы тұста Құрсай мөлтек ауданы, 283,282 квартал тұрғындарының төрағасы, қоғам белсендісі Арман Алпысовқа сөз кезегі тиіп, ол аудан әкіміне нақты бағасын бергісі келіп:
«Сіздің атқарған жұмыстарыңызға 283, 282 квартал бойынша халықтың атынан қояр бағам өте төмен. Едендегі плинтус бар ғой. Міне, сол плинустан төмен. Неге деп сұрайсыз ба? Өйткені, біздің кварталда ішетін су жоқ. Әшейін ішетін су жоқ. Адам деген күніне 3 литр су ішу керек. Осыған байланысты біз көршілермен бірге қала әкімінінің атына, сізге де бірнеше рет арыз жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Одан кейін сіздерге «Еш болмаса водовоз көлігін жүргізіңіз немесе колонка қойып беріңіз» деп арнайы ұсыныс хат жаздым. Оны да шеше алмадыңыз», - деді.
Онымен қоймай: «Жарық мәселесі бойынша, бізде жекеменшік трансформатор. Жарық жиі сөнеді. Бізде бір жағдай болды: өрт шығып бір үй өртеніп, келген өрт сөндіруші көлік саз-балшық жолдан өте алмады. Себебі, жолға төселген тастың ені – 3 метр. Ол жерге өрт сөндіруші көлік сыймайды», - деп аудандағы қордаланып қалған көптеген мәселелерді тарқатты. Ал аудан әкімі Б.Парманов бұл сұраққа энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзден жауап беруін өтінді. Басқарма басшысы орынбасары А.Алпысовты уәдемен «тойдырмақ» болып еді, қоғам белсендісі бұл уәдеге қанағат қылмай, «жұмысты нақты қашан бітіресіңдер?» деп тықсырып ала жөнелді. Нұрлан Жаманкөз тығырыққа тіреліп, А.Алпысов күшейіп бара жатқан соң, Б.Парманов ашулы үнмен:
«Сіз прокурор емессіз, тергеуші емессіз. Сіз ғана сөйлей бересіз бе? Біз де сөйлейік», - деп ауыз суға қатысты жауап берді. Ол ауыз суға жауапты маманға:
«Біз протоколға енгізіп, қаржы бөлдіртіп, міндетті түрде суды тасымалдауды қамтамасыз етуіміз керек. Демеушілер бір рет, екі рет тасиды, болды, одан ары тасымайды. Осы үшін қаржы жағын қарастырып беріңіз. Бұл кісілер әр жерден жағымсыз су ішіп жатыр. Ертеңгі күні ауру тарап кетсе біз тікелей жауапты боламыз. Сіз айтып жатырсыз, бюджеттен қаржы қаралмай жатыр, мүмкіншілік жоқ деп. Менің де мүмкіншілігім жоқ. Не істеуіміз керек? Дұрыс көзқараспен қараңыз. Мекемелер бар бізде... Бір-екі автокөлік табайын. Бірақ, жыл он екі ай қамтамасыз ете алмаймын ғой. Сіз бізге жәрдем беріңіз», - деп ұсынысы мен өтінішін білдірді.
Ал, А.Алпысов бұнымен қоймай, кварталдағы қоғамдық көліктер мен сапасыз жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жолдар өте сапасыз. Жолға төселген тастан балшығы көп. Жауынды күндері миы шығатын мұндай сапасыз жолдарды тиісті мамандар қалай қабылдап алған? Міне, осы мәселені қоғам белсендісі белінен қойды. Бұған қатысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Турханов барынша жауап берді. Қоғамдық көлікке қатысты ол тиісті мекемеге шара көретіндерін айтты. Дегенмен, ол жол мәселесіне келгенде еркін шаба алмай, қипақтай берді. Ең соңында «бүкіл Шымкенттің көшелеренің тасына біздің шамамыз да, ақшамыз да жетпейді» деп құтылды.
Енді, аудан әкімінің ұсынысымен жолға қатысты комиссия құрылатын болды.