ТҮРКІСТАН: Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы ауқымды шаралар қолға алынды

0
259

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 3 153 қорғау нұсқамасын шығарды.


ТҮРКІСТАН: Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы ауқымды шаралар қолға алынды

Түркістан облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ауқымды шаралар қолға алынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жыл басынан бері облыстық полиция департаментіне тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 5 000-ға жуық хабарлама келіп түскен. Олардың барлығы бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 3 153 қорғау нұсқамасын шығарды. Бұл туралы өткен брифингте облыстық полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Жанар Қалабаева мәлімдеді.


«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері облысымызда 2 кезеңде «Тұрмыс» және «Есептегі тұрған тұлғалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілсе, 20 сәуір мен 20 маусым аралығында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!» атты челлендж-флешмоб форматында акция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы өтті. Сонымен қатар, әр аптаның демалыс күндері барлық қала, аудандарда «Бір нүктелік» профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде аса ауыр қылмыстар көрсеткіші 87,5%-ға азайды. Полиция департаментінің өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қарай 591 тұлғаға арнайы талаптар белгіледі. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге дағдарыс орталықтары көмек көрсетуде. Тәртіп сақшылары мекенжайы бойынша отбасыларды аралап, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 58 отбасын анықтады» - деп баяндады спикер.

Бөлісу