"Шымкент туристерді тарихымен де қызықтыруы тиіс" - Әйтенов

0
1 346

"Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі" тақырыбында халықаралық кездесу жиыны өтуде.


Шымкент қаласында «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» тақырыбында екі күнге жоспарланған халықаралық кездесу жиыны өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент туристерді тамылжыған табиғаты және қонақжайлылығымен ғана емес, өңірдің терең тарихымен қызықтыруы тиіс. Бұл туралы бүгін Шымкентте өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» халықаралық кездесу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты.

Шымкент — мәдениет пен өркениетті үндестіріп тұрған тарихи қала. Бүгінгі жиын Шымкенттің Ұлы Жібек жолы тарихындағы орны мен ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі рөлін айқындай түспек. Біз елімізге келген туристерді табиғатымызбен, қонақжайлылығымызбен ғана қызықтырмай, өңірдің терең тарихымен таныстырып, қызықтыра түсуіміз керек. Ал, осы мақсатта атқарылатын жұмыс барысында кездесу қатысушыларынан тың идеялар күтеміз, — деді Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов.

Жиынында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және оны әлемге паш ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырғанын алға тартты.

Шымкент өткен дәуірде Ұлы Жібек жолының бойындағы қала ретінде танылса, бүгінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолында орналасуымен құнды. 2200 жылдық терең тарихы бар Шымкент қаласы, ондағы тарихи-мәдени ескерткіштер ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін толықтырып, оның мазмұнын байыта түседі деп санаймыз, – деді Н.Дәуешов.

Сондай-ақ, халықаралық кездесу барысында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат та сөз алды.

Бүгінде Қазақстан өз аумағындағы тарихи-мәдени маңызға ие ескерткіштер мен рухани мұраны сақтау мен насихаттау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Шымкент қаласының 2200 жылдығы аясында қолға алынып отырған бұл жобаның маңызы зор деп есептеймін. Себебі, ол келешекте Қазақстанның бай әрі саналуан мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға және оны әлемге танытуға зор септігін тигізеді, -деді ол.

Еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева мен халықаралық ICCROM орталықығының бас директорының арнайы кеңесшісі Франческо Бандарин, сондай-ақ, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі Фенг Джинг те кездесу қонақтарымен бейне байланысқа шығып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі.

2200 жылдық тарихы бар қаланы қайта қалпына келтіріп, көнені жаңғырту, оны әлемге таныту — үлкен еңбек. Бұл өткенге құрметтің, болашаққа деген нық сенімнің көрінісі деп айта аламын. Сіздерге осынау игі бастамаларыңызда сәттілік тілеймін, – деді Фенг Джинг.

Халықаралық конференцияның алғашқы пленарлық отырысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізді. Онда ғалымдар «Шымкент қаласының тарихи ретроспективасы және болашағы» тақырыбында пікір алмасты. Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өнертану докторы Камола Акилова онлайн режимде байланысқа шығып, Шымкенттің Орталық Азия кеңістігіндегі рөліне тоқталды.

Ал, «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік ғылыми-зерттеу кәсіпорнының бас сәулетшісі Сәдуақас Ағытаев «Шымкент қалашығының айналасындағы қоғамдық кеңістікті дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама жасап, ескі қалашық төңірегінде 2015 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыспен таныстырды. Сондай-ақ, ескі қалашық аумағына жүргізілген реставрациялық жұмыс барысымен таныстырды. Отырысты қортындылаған Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыров қонақтарды мегаполистің бүгінгі туристік әлеуетімен таныстырып өтті.