Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42,2 шақырымға электр желілері тартылуда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Былтыр елдімекеннің 6 мыңнан астам тұрғыны ауыз сумен қамтылған болатын. Ендігі кезек сапалы электр қуатында.
"Жаңаталап" подстанциясы құрылысының 90% аяқталған.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42,2 шақырымға электр желілері тартылуда, аяқталу мерзімі - қазан айының соңына жоспарланған.
Шаһар басшысы ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділеріне құрылыс жұмысымен қатар абоненттеу жұмыстарының жүргізілуіне жергілікті тұрғындарды жұмылдыру керектігін айтып өтті.
- Абоненттеу, ескі жүйені жаңа жүйеге қосуға да уақыт кетеді. Сондықтан құжаттарды қазірден бастап дайындауға кірісіңіздер. Ал жұмыстың мерзімінде және сапалы орындалуы біздің бақылауымызда, - деді әкім.
Бұдан бөлек биыл 2 көше, атап айтқанда 1,5 шақырымды құрайтын Жұманов және Айдарқұл көшелеріне жарық орнатылуда. Әзірге жұмыстың 20%-ы орындалды.
Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.
Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр.