ШЫМКЕНТ: жасанды жүрек 36 жастағы азаматқа өмір сыйлады

0
231

Қазіргі таңда жағдайы жақсы және ентігуі басылып, қалыпты өміріне оралған.


ШЫМКЕНТ: жасанды жүрек 36 жастағы азаматқа өмір сыйлады

36 жастағы Мұхаммад Тажиддиновқа жасанды жүрек осыдан 6 ай бұрын Шымкент жүрек орталығында салынған. Өткір жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқас оған дейін бірнеше рет клиникалық өлімге ұшыраған.

3 баланың әкесін аман алып қалудың жалғыз жолы жасанды жүрек салу болады. Білікті кардиолог-дәрігерлер оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаны жасаған.

Пациенттің айтуынша қазіргі таңда жағдайы жақсы және ентігуі басылып, қалыпты өміріне оралған. Көмекші механикалық құрылғы қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Тек үнемі сымдары жүректегі аппаратқа жалғанған сөмкемен жүруі қажет. Аппаратты арнайы батареяларымен қуаттайды.
Жалпы, Шымкент жүрек орталығында соңғы 4 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 13 науқасқа жасанды жүрек отасы жасалған. Жоғары технологиялы медициналық көмек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға немесе жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Құны 77 миллион теңгені құрайтын күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалынады.