1988 жылы туған ер адамның денесінің 41 пайызын күйік шалған.
Шымкентте жеке үйден өрт шығып, 32 жастағы жігіт зардап шекті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
1988 жылы туған ер адамның денесінің 41 пайызын күйік шалған. Зардап шеккен жігіттің қолы, аяғы, кеудесі мен басын өрт салдарынан күйік шалып ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.
Өрт 7 шілде күні сағат кешкі 18.30 шамасында орын алған. Шымкент қаласы М.Әуезов көшесі бойында орналасқан үйдің қосалқы құрылысынан өрт шыққан.
"Бұл туралы сағат 18: 32-де Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайында басқару басқармасына Абай ауданы М.Әуезов көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 12 қызметкері мен 3 техникасы, Өрт сөндіру қызметінің өрт сынақ зертханасының 3 қызметкері, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы және Абай АІІБ қызметкерлері жедел шықты,"- деп мәлімдеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер жеткен кезде тілсіз жауды тұрғындардың өздері ауыздықтап үлгірген. Мамандардың айтуынша, 42 ш. м.уақытша салынған үй (времянка) өртеніп, ішіндегі заттары жанып кеткен. Өрт себебі мен орын алған оқиғаның мән жайын Шымкент қаласы Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтауға кірісті.