​ШЫМКЕНТ: Жөндеуден өткізіліп жатқан жолдардың сапасы жіті бақылауда

0
729

Орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған жолға 611 миллион теңге бөлінген.


​ШЫМКЕНТ: Жөндеуден өткізіліп жатқан жолдардың сапасы жіті бақылауда

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен "Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының Шымкент қалалық филиалы үшінші мегаполистегі жөндеуден өткізіліп жатқан жолдардың сапасына рейдтік іс-шара жүргізіп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, мердігер компания, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен БАҚ өкілдері қатысқан кезекті рейд ұзындығы 1850 метрді құрайтын Түркістан көшесінде өткізілді.
Рейд барысында "Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының жылжымалы зертханасының көмегімен жаңа асфальттың бірінші жабынының қалыңдығы және жиектастардың беріктігі тексерілді. Тексеру барысында жол жабынынан кемшілік табылмағанымен, бордюрлардың беріктігіне күмән тудырарлық көрсеткіштер байқалды. Дегенмен, жиектастарды жаңадан қойғаннан кейін 28 күн ішінде толықтай дайын болатынын, тиісінше бұл бордюрлардың орнатылғанына 1 аптадай ғана уақыт өткенін алға тартқан автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиев тексеруді мерзімі келгенде қайта жүргізуді ұсынды. Одан бөлек қазіргі уақытта қалада бордюрлердің жетіспеушілігі байқалып жатқанын айтты.
Сондай-ақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жәни Қамбар пікір білдіріп, жол сапасы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.
«Осыған дейін 10 рет рейдтік іс-шара өткізіп, 50-ден астам кемшілік анықтадық Бүгінгі жиектастардың беріктігі бойынша анықталған күмәнді көрсеткіштер бойынша алдағы уақытта тағы да тексеру жүргіземіз және жиектастар қойылғанына 28 күн өткеннен соң, дәл осы құраммен қайтадан ред өткіземіз. Өйткені біздің мақсат – қателіктердің алдын алу», - деді «Адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы.
Айта кетейік, орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған жолға 611 миллион теңге бөлінген. Жалпы биыл Шымкент қаласында 256 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Ол жұмыстарға бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінген.