Шымкент: Жыл басынан бері 6 полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылған

0
849


 Шымкент: Жыл басынан бері 6 полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Бүгін қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысы А.Жұмағали мен Полиция департаментінің бастығы Е.Жұмаханбетовтың қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер бойынша бірқатар ұсынулар қаралды.

Кездесу барысында А.Жұмағали төтенше жағдай кезіндегі Департаменттің жұмысына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Жемқорлықты анықтауға және оның себептерін жоюға бағытталған алдын алу шараларын жасақтап, дайындау біздің ортақ міндетіміз.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері болып табылатын кейбір фактілер орын алуда.

Сондықтан да, осы отырыстың басты мақсаты, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, олардың алдын алу болып табылады» - деп атап өтті Асхат Жұмағали.

Онлайн шара қорытындысы бойынша Шымкент қаласының полиция басшылығына бірқатар басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту ұсынылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері 6 полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 1 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылды.