Экономиканы цифрландыруға қатысты инновациялық шешімдер мен қызмет көрсету саласының дамуы, бизнесті дамытудағы цифрлы маркетингтің маңызын ортаға салды.
ERNUR.KZ. Шымкент пен Астана қалаларының іскерлік байланысы дамиды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап өтсек, 28 шілде күні Шымкенттегі Астана күндері басталған болатын. Елорданың 20 жылдығына арналған іс-шара аясында қаламызға Астанадан іскерлік делегация келген. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысқан делегация мүшелері одан кейін «Астана – Шымкент өңіраралық байланысы» бизнес-форумына қатысты.
Сонымен қатар, қалалық әкімдікте өткен жиында астаналық қонақтар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты. Форум аясында іскерлік топтар мен даму институттары, мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға арналған аймақтық бағдарламаларды, инвестициялық мүмкіндіктер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын және Smart City концепциясын талқылады. Сондай-ақ, экономиканы цифрландыруға қатысты инновациялық шешімдер мен қызмет көрсету саласының дамуы, бизнесті дамытудағы цифрлы маркетингтің маңызын ортаға салды.
Айта кетейік, кездесу қорытындысында өңіраралық әріптестікті дамытуға байланысты келісімдер жасалды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Д.Жумин астаналық қонақтарға өңіраралық байланысты дамытуға белсенді үлес қосқандары үшін алғыс айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.