Шымкент қаласының 50120 әскери бөліміне шақырылған әскери міндеттілермен он күндік әскери жиын аясында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтіп жатыр.
«Ақтас» оқу-жаттығу полигонында алғаш рет он күндік әскери жиынға шақырылған және бұған дейін әскери қызмет өткермеген әскери міндеттілердің Әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Іс-шараға қала әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Тимур Бидайбеков, 50120 әскери бөлімінің басшылығы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты.
– Бүгін барлығымыз үшін маңызды әрі жауапты күн. Әскери жиын барысында сіздер Әскери ант қабылдадыңыздар. Бұл жай ғана заңды рәсім емес, азаматтық кемелділіктеріңізді білдіретін жоғары моральдық міндеттеме. Әскери жиындарды өткізу кәсіби дағдыларыңызды жетілдіруге, сондай-ақ аумақтық қорғаныстың негіздерін нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті 50120 әскери бөлімінің командирі полковник Қуаныш Орадабаев.
Салтанатты рәсім барысында әскери міндеттілер әскери борышын абыроймен атқаруға, елдің бостандығын, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысын, халқын және заңды түрде сайланған Президентін қорғауға ант берді.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының 50120 әскери бөліміне шақырылған әскери міндеттілермен он күндік әскери жиын аясында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтіп жатыр. Оның барысында жауынгерлік үйлесімділікке қол жеткізу, қаладағы әскери және мемлекеттік нысандарды күзету мен қорғауды ұйымдастыру мәселелері пысықталуда.
Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңі «Стратегиялық нысандарды күзету және қорғау бойынша жеке құрамның іс-қимылы» тақырыбындағы тактикалық-арнайы оқу-жаттығу болады. Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер диверсиялық-барлау топтарының шабуылын тойтару бойынша іс-қимылдарды пысықтайды.


